Жаңалықтар

Атырау облысындағы жолдарды қалпына келтіруге Үкімет резервінен 6 млрд теңге бөлінеді

паводки
Үкімет қарғын судан бүлінген жолдарға 5,9 млрд теңге бөлді/ Фото: Атырау облысының әкімдігі

Премьер-министр Олжас Бектенов Атырау облысындағы 8 жол учаскесін салуға және жөндеуге Үкіметтің резервінен қаржы бөлуді көздейтін қаулыға қол қойды.

«Құжатта Үкіметтің төтенше қорынан қарғын судан бүлінген жолдарды қалпына келтіруге, Атырау облысының бюджетіне аудару үшін, Көлік министрлігіне  5,9 млрд теңге бөлу қарастырылған», – делінген Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұл қаражаттың 4,6 млрд теңгесі облыстық маңызы бар 7 жол учаскесін қалпына келтіруге бағытталмақ. Атап айтқанда, «Индер – Қарабау – Сағыз», Қарабау ауылының кіре берісіндегі жол, «Сарытоғай – Махамбет», «Атырау – Индер», сондай-ақ Құлсары қаласының тротуары.

Ал су тасқыны кезінде бұзылған «Индер – Қарабай – Миялы – Сағыз» автокөлік жолында көпір салуға және су өткізетін құбырларға 1,3 млрд теңге бөлінбек.

Еске сала кетсек, қарғын су 11 жол учаскесі мен бес учаскеде су өткізетін құбырларды бұзып өткен.

Мұның алдында су тасқыны салдарын жоюға Үкімет резервінен 15 млрд теңге бөлінгенін жазған болатынбыз.