Қырғызстанда жемқорларды қатал жазаға тартатын заң жобасы әзірленіп жатыр
Қырғызстанда жемқорларды қатал жазаға тартатын заң жобасы әзірленіп жатыр
Бұл заң жобасы қабылданса, енді Қырғызстанда сыбайлас жемқорлықпен ұсталғандар міндетті түрде түрмеде отырады. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды. Олардың туыстары да мемлекеттік қызметтен шеттетіледі. Бұл туралы Қырғызстанның арнайы қызметі – ҰҚМК басшысы Қамшыбек Ташиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, үш жылдан бері пара алуға қарсы күрес аяқталмай жатыр.
«Біз өз қатарымызды тазалай алмай келеміз. Рас, белгілі бір деңгейде жемқорлық азайды. Бірақ түп-тамырымен жойып тастағанымыз жоқ. Біз ұрыларды ұстаймыз, бірақ олар бостандыққа шығып кетеді. Сонда не істеуіміз керек? Жемқорлыққа қатысты заңды қатайтқан жөн. Осы бағытта ҰҚМК жаңа заң жобасын жасап жатыр», – деді Қамшыбек Ташиев.
Жаңа түзетулерге сәйкес, коррупционерлер өзінің кінәсін мойындап, тергеумен келісімге келе алады. Бірақ олар мерзімінің жартысын түрмеде өткізетін болады.
«Жемқорлық және лауазымды қызметін теріс пайдаланғаны үшін ұсталғандардың кінәсі дәлелденсе, міндетті түрде түрмеде отыруы тиіс», – деді Қамшыбек Ташиев.
ҰҚМК басшысының пікірінше, жемқорлық және лауазымды қызметін теріс пайдаланғаны үшін ұсталғандар мемлекеттік қызметке ешқашан қайта оралмауы керек. Олардың ата-аналары, балалары, туыстары да мемлекеттік қызмет атқармауы қажет. Сондай-ақ олар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды.
Қамшыбек Ташиевтің сөзіне қарағанда, төрт жыл ішінде күштік құрылымдардың 10 қызметкері пара алғаны үшін ұсталған. Бірақ олардың ешқайсысы түрмеге қамалмаған.
«Бәрі бостандыққа шығып кетті. ҰҚМК мен прокуратураның бірде-бір қызметкері түрмеге түскен жоқ. Олардың бәрі тергеумен келісіп, кінәсін мойындап, айыппұл төлеп құтылып жатыр. Енді айыппұл болмайды, түрмеге тоғытылады», – деді ҰҚМК басшысы.