Ресейден бір жылда 2 миллионнан астам мигрант кетіп қалған
2024 жылдың қыркүйек айының басында Ресейде 6,2 миллион мигрант тіркелген. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 8,5 миллион адамды құрады. DW басылымы осыған байланысты ақпарат жариялады.
РФ ІІМ көші-қон мәселелері жөніндегі бас басқармасының мәліметі бойынша соңғы бір жылда 2 миллионнан астам шетелдік азамат Ресейден кеткен. Қазіргі уақытта елде 6,17 миллион шетел азаматы тіркелген.
«2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша көші-қонды тіркеу бойынша мемлекеттік ақпараттық жүйесінде Ресейде жүрген шетел азаматтарының саны 6 174 777 адамды құрады», – деп хабарлады министрлік.
2023 жылы Ресей Федерациясында 8,5 миллионнан астам адам миграция есебіне алынған деп хабарлады маусым айының соңында РФ-дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Татьяна Москалькова. «2023 жылы ТМД-ға мүше мемлекеттердің азаматтарының көпшілігі Ресейде жұмыс істейді. Оның ішінде 8 507 906 адам мигрант ретінде тіркелген», – деді Москалькова.
Кейінгі жылдары Ресей еңбек мигранттарына талапты күшейтті. Ресейде еңбек мигранттарының отбасын өздерімен бірге көшіріп алып келуге тыйым салу туралы заң жобасы енгізілуі мүмкін. Жобаны ЛДПР партиясының басшысы Леонид Слуцкий ұсынды.
Ресей Орталық Азиядан келген еңбек мигранттары үшін бейімделу курсын әзірледі. 70 минутқа созылатын курста азаматтар РФ еңбек заңнамасы, мінез-құлық ережелерімен танысады.
Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы ел азаматтығын алу үшін әскерге баратын мигранттардың армияда қызмет ететін уақытын арттырғысы келеді. Заңға түзетулер жуық арада қабылданып, мигранттарды әскерге шақыру жасы да өзгеруі мүмкін.
Көрші елде қырғыз, тәжік азаматтарына қысым байқалатыны жиі аңғарылады. Қыркүйекте Тәжікстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі ел азаматтарын мүмкіндігінше РФ-ға бармауға шақырды. Елшіліктің мұндай мәлімдеме жасауына Ресей шекарасындағы шетелдіктерге қатысты жүргізіліп жатқан қатаң тексеру ықпал етіп отыр.
Қырғызстан да осындай үндеу жариялаған. Ресейде жұмыс істеп жүрген қырғыз тігіншілері мен құрылысшыларын еліне қайтуға шақырған.