Жаңалықтар

Қазақстанда уран экспорты рекордтық деңгейге жетті

уранға тыйым
Уран экспорты ұлғайды/ Коллаж kusiv.media

2024 жылдың 7 айында шетелге 2 млрд доллар болатын өңделген табиғи уран экспортталды. Бұл 2023 жылдың дәл осы айларымен салыстырғанда 54%-ға артық. Data HUB 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш деп есептейді. Барлық өсім бағаның көтерілуімен байланысты болды, себебі физикалық түрде экспорт өзгерген жоқ деуге болады (10,3 млн кг уран, жылдан жылға +1%).

Уран экспорты қай нарыққа бағытталған:

Ақша бойынша негізгі үлес – РФ-да (46%). Жылдық деңгейде жеткізілімнің жалпы құны 23%-ға артты. Физикалық түрде экспорт шамамен сондай көлемде төмендеді. 1 кг уранның орташа бағасы, тиісінше, көтерілді (+63%).

Егер доллармен емес, уранның килограмымен есептесек, биыл Қытай уранды көбірек сатып алған: үлесі – 44%. ҚХР бір жылда физикалық түрде де (+21%), ақша түрінде де (+72%) көбірек сатып алды.

«Қазатомөнеркәсіп» биылғы бірінші жартыжылдық есебін жариялады. Онда компания Қазақстан уран өндіруді жылына 6%-ға арттырғанын мәлімдеді. «Қазатомөнеркәсіп» пен оған еншілес компаниялардың шикізат сату көлемі бірінші жартыжылдықта 18%-ға, яғни 7,779 мың тоннаға дейін төмендеді. Ал бір фунт уран концентратының орташа сату бағасы 41%-ға өсіп, 66,22 долларды құрады.

Салық көбейді

Уран пайдалы қазбасына 6 пайыздық салық 2023 жылдың 1 қаңтарынан енгізілген болатын. Ал 2025 жылы ол тоғыз пайызға дейін көтеріледі. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық әрбір жер қойнауын пайдалану келісімшарты бойынша жылына қанша уран өндірілетініне байланысты төленеді. Сала мамандары пайдалы қазбаға салынатын салықтың бұлайша көтерілуі қазақстандық уранның қымбаттауына алып келеді деп тұжырымдайды