Үйдегі артық заттардан не үшін арылу керек және оның кортизолға қандай қатысы бар?

Жарияланды
Коллаж: kursiv.media; elements.envato.com / Автор viktelminova / Автор SkloStudio

Үйде артық зат көп болғанда тез шашылады. Ал шашылып жатқан жер адамды шаршатады. Мұндай тұжырымды Лос-Анжелестегі Калифорния университетінің антрпологтары жасап отыр. Үй таза тұрмаса, әйелдерде стресс гормоны — кортизол көтеріліп кетеді екен. Онсыз да күні бойы жұмыста болып, үйге келгенде арқаны кеңге салып, тыныққымыз келеді. Ал шашылып жатса, одан сайын көңіліміз түседі. Осы тақырыпта жасалған ғылыми зерттеулерді шолып шығып, артық заттардан арылғанның қандай пайдасы барын талқылайық.

Бірінші қадам. Бөліп ал да, жинай бер

Ол үшін пәтеріңіздің жоспарын қағазға шығарып алыңыз. Одан соң әр бөлмеге «қызыл аймақтар» белгілеңіз. Ол дегеніміз шашылған заттарды салатын жәшік, шкаф, комод және т.б. Содан кейін ең бірінші кезекте көзге ұрып көрініп тұратын, шашылса ашуыңызға тиетін жерлердің тізімін жасап шығыңыз. Мәселен, жатын бөлмедегі тартпа не жұмыс үстеліңіз болуы мүмкін. Алдымен тізім бойынша басымдық берген жерлерді жинап алыңыз. Себебі сол жерлер таза тұрғанын көргенде миыңызда тыныштық орнай бастайды. Тәтті жеп мәз болған баладай күй кешесіз. Артық заттардан арылу процесін осындай қуанышты қадамнан бастаған дұрыс. Сонда алда күтіп тұрған ұзақ әрі көп күш керек ететін процеске нар тәуекел деп оңай кірісіп кетесіз. Қолыңыздағы қағаз жоспарға әр орындалған шаруа сайын плюс қойып отырсаңыз тіпті жақсы. Сол кезде ойын ойнап жатқандай сезініп, деңгейден деңгейге өткендей боласыз. 

Екінші қадам. Көтеріңкі көңіл-күй керек

Көңілді басталған процес жылдам әрі қызық өтеді. Достарыңызды шақырып алсаңыз болады. Сөйтіп сізге керек емес зат оларға керек болып қалуы мүмкін. Мысалы, шкафты тазалағалы жатсыз делік. Бәлкім, ішінде бір-ақ рет киген көйлек көп шығар. Қоқысқа тастай салғаннан оны керек адамға берген жақсы емес пе? Егер шашылған үйге ешкімді кіргізгім келмейді десеңіз, не достарыңыздың уақыты болмаса, кемінде ән не сүйікті фильміңізді фонға қосып қойыңыз. Себебі үй жинау процесі сізге жақсы эмоция сыйлауы керек. Арасында билеп қойып жинаған көңілдірек әрі уақыттың қалай тез өткенін байқамай қаласыз. 

Үшінші қадам. Заттармен қалай қоштасу керек?

Стэнфорд университетінің оқытушысы, психология ғылымдарының докторы Келли Макгонигал былай дейді: «Біз өзімізге ұнаған жейде не күртешенің дүкендегі бағасы қымбат екенін көргенде миымызда сыздайтын жүйе іске қосылады екен. Ондай кезде іште дискомфорт болады. Сондықтан ол затты сатып алатын болып шешсеңіз де, физикалық тұрғыда біраз қиналасыз. Себебі іште бағасына қатысты арпалыс болып жатады. Сондай сыздайтын жүйе сүйікті затты тастау керек болғанда да қосылады екен. Әбден тозып кеткен худиіңізді не кимей, не лақтырмай жүргеніңіздің себебі сонда. Түркияға барғанда алған магнитіңіз сынып қалса да, тастауға қимай жүрсеңіз де солай. Сонша жүрек сыздатататын процесті қалай жеңілдетуге болады? Ол үшін заттарды сорттау үшін алдын-ала қаптар дайындап қойыңыз». Сөйтіп барлық затты бірнеше санатқа бөліп тастаңыз:

  • Үйде қалатын заттар;
  • Қайта өңдеуге жіберетін заттар;
  • Қайырымдылыққа жіберетін заттар;
  • OLX сияқты жерлерге салып қоятын заттар;
  • Достар мен туыстарға тарататын заттар;
  • Лақтыратын заттар.

Дижитал құралдарды барынша пайдалануға тырысыңыз. Мысалы сізде лақтыратын зат көп делік. Бірақ барлығы бірдей қоқысқа кететіндей пайдасыз емес. Ішінде әжептәуір дүниелер де бар. Ондайда сол керек емес заттарды салып, кейбірін тегін, кейбірін сатып жіберу үшін арнайы Telegram-чат ашсаңыз болады. Сол чатқа «осы адам алып қалар-ау» деген таныстарыңызды қосыңыз. Басқа желіде чатқа сілтеме салып, қалаған адам қосылатындай шақырыңыз. Яғни лақтыруға қимай жүрген адамның жүрегіне жылы тиетін жақсы әдістің бірі — осы. Сіз қоқысқа тастай салған жоқсыз. Оны керек адамға бердіңіз. Сонда әрлі-берлі соғылып жатқан гормондар саябырсып, көңіліңіз жайланады.  

Айтпақшы, пәтерде орын алып тұрған, бірақ қажет емес болса да лақтыра алмай жүрген заттарды суретке түсіріп алуға болады. Мұндай әдісті де біле жүріңіз. Айталық, бала кезден бері келе жатқан қояныңыз, мектепте 8 наурызға алған ашықхаттар не статуэтка сынды заттарға фотосессия ұйымдастырып, естелікке суретке түсіріңіз. Сентиментті осылай қанағаттандырып, сол заттармен қош айтысыңыз. Суретке түсіргеннің өзінде лақтыруға қимай тұрсаңыз, былай жасап көруге болады: босқа шаң жинап тұрған заттың бәрін алып, бір қорапқа салыңыз да, буып-түйіп салып қойыңыз. Көзге көрінбейтін жерге қойып тастаңыз да, арада бір ай өткен соң әлгі қорапты алыңыз. Ашпас бұрын ішінде қандай заттар барын еске түсіріңіз. Ойша емес, кәдімгідей қалам мен қағаз алып, тізім жасаңыз. Жазып болған соң қорапты ашып, түгендеңіз. Қай затты ұмытып кеткен болсаңыз, алаңсыз қоштаса беріңіз. 

Төртінші қадам. «Бір жыл» ережесін есте ұстаңыз

Кез келген зат тұрақты қолданыста болғаны жақсы. Мысалы, қысқа толқынды пешіңіз бір жыл бұрын істемей қалған делік. Лақтыруға қимағаныңыз анық. Жөндетуге әне апарам, міне апарам деп әлі жүрсіз. Арада он екі ай уақыт өтіп кеткен. Егер осы сияқты көптен қолданылмаған киім, спорт жабдығы, асүйге керек құралдар болса, бәрінен арылыңыз. Ол дегеніміз қоқысқа тастау емес. Мысалы, тұрмыстық техника бұзылса, оны жақын маңдағы электроника дүкеніне қайта өңдеуге тапсыруға болады. Яғни бір жыл бойы түртпеген заттарды тастауды әдетке айналдырыңыз. Сол уақыт бойы бір пайдасы тимеген дүниенің одан кейін қажет болып қалуы екіталай. Керісінше бекер орын алып тұр. Одан қайта үйдің жинақы болып, артық затсыз тұрғаны жақсы емес пе? Бірақ лақтыру керек екен деп бір жыл бойы қолыңыз тимеген заттың бәрін тастай бермеңіз. Қандай заттарды қалдыру керек? Мәселен, былтыр жазда демалысқа барғанда дайвинг жасауға арналған маска алдыңыз делік. Оны бір жыл бойы ешқайда қолдана алмасыңыз анық. Бірақ бір айдан кейін еңбек демалысына теңізге баратын болып отырсаңыз, онда әлгі масканы тастамаңыз. Тағы біреуін алып ақша шығындаудың керек емес?! Біз тұрмыста қолданылуға тиіс, бірақ сізге пайдасы тимей жатқан заттар туралы айтып отырмыз. Сондықтан бәрін тастау керек деп көз жұмып кірісіп кетпеңіз. 

Бесінші қадам. Жәшіктерден үй соға бермеңіз

Шашылып жатқан жерді тез-тез жинау үшін көбіне қорапқа не жәшікке сала саламыз. Үй де жиналып тұрғандай көрінеді, заттарды да лақтырмаймыз. Бір қарағанда қолайлы, солай ғой? Бірақ бұл өзімізді алдау ғана. Аяққа оралып жүрген қуаттағыш сымдары, құлаққаптар, суши жейтін таяқшалар, шашқа тағатындар — бәрін реттеудің орнына тартпаға сала салып, көзге көрінбейтіндей қыла саламыз. Ал дұрысы, сол шаң жинаудан басқа пайдасы жоқ заттардан арылу керек. Үйде сондай артық заттарды сала салуға ыңғайлы бокс, контейнер көп болса, ешқашан үйді жинақы ұстай алмайсыз. Себебі қажет емес заттың бәрін сонда сала салып, жылдам үй жинауға әдеттеніп кетесіз. 

Мұндайда дұрысы — сүйкімді әрі сәнді қоқыс жәшігін алып қою. Әр бөлмеге бір-бір жәшік қойып қойыңыз. Интерьерге жарасып тұратынына қоса, керек емес затты бірден лақтырып үйренесіз. «Шаймен ішемін» деп алып қойған, бірақ сол күйі желінбеген тәттілер салынған тартпаны да тазартыңыз. Нақты жейтін болсаңыз көзге көрінетіндей ыдысқа салып, шайға қойыңыз. Олай болмаса, тастай қатқанша тұра береді. Кейбір шоколадтардың мерзімі өтіп кеткеніне бірнеше жыл болуы мүмкін. Кейінгі қалдыра бермей, біреу қолына тәтті ұстап келді ме, шай ішіп алыңыз. «Біреудің үйіне барғанда құр қол бармас үшін керек болады» деп бәрін тыға бермеңіз. Шашылған жерді жинау керек деген ойдың өзі кортизол бөледі. Ал сізде артық зат көп болса, не қолданылмайтын, не тасталмайтын заттарға әр үй жинаған сайын уақыт шығындайсыз. Одан қайта сол шоколадтарды дер кезінде жеп, бақыт гормонын алған дұрыс емес пе? 

Алтыншы қадам. Жарамдылық мерзімін қадағалауды әдетке айналдырыңыз

Әр нәрсенің қолданыс уақыты болады. Шоколадтың жайын жоғарыда айттық. Сол сияқты үйдегі дәрі салатын не косметика салатын қобдишаларға да арагідік ревизия жасап отырған абзал. Кірпікке жағатын сүрме, күнделікті ішуге алып, бірақ ақыры ішпеген дәрумендер, жөтелгенде алып бір ішілген сироптар ұзаққа шыдамайды. Құты ашылған соң, көп нәрсенің жарамдылық мерзімі тез бітеді. Бекер орын алып тұрмасын. Дұрысы — уақытылы тексеріп отыру. Сол секілді тұрмыстық химия, тоңазытқыштарды да тазалауды әдетке айналдырыңыз. Тоңазытқыш есігінде қолданылмайтын, бекер орын алып тұрған көп зат табылатыны анық.

Жетінші қадам. Тұрмыстағы біраз әдеттен арылыңыз

Артық заттардан арылғанда боқташақты тазалау туралы ғана айтып отырған жоқпыз. Керек емес заттарды тастаған кезде миыңызда да тәртіп орнайды. Әңгіме назарыңызды аударатын, маңызды істерге концентрация жасауға кедергі болатын дүниелер жайлы. Үйде де, мида да тазалық ұзаққа сақталуы үшін сізге тұрмыстағы кей әдеттерді қайта қарау керек болады.  

  • Тегін екен деп берген затты ала бермеңіз. Қонақүйдегі шампунь мен душқа арналған гель, кілтке тағатын брелоктар секілді тегін келген дүниелермен үйді толтыра бермеңіз. Олар тау болып үйіліп, босқа үйді шашып тұрады. Тегін нәрсенің барлығы керек болады деген сөз емес.
  • Өзіңізге керек заттардың уиш-листін жасаңыз. Сыйлықтың тосыннан келгені жақсы, әрине. Бірақ өзіңіз ойлап жүрген затты алған одан да керемет, солай ғой? Сол себепті арнайы қолданбалар жүктеп алып, қажет заттар тізімін жасап қойыңыз. Сөйтіп туған күн қарсаңында, мерекелер таяғанда желідегі парақшаңызға салыңыз. Сонда басқалар да не сыйласам деп бас қатырмайды. Сіз де нақ керек дүниеңізді аласыз.
  • Техникалық құжаттар, нұсқаулықтарды қағаз күйінде сақтағаннан суретке түсіріп алған абзал. Шаңсорғыш алғанда келген кітапшаны сол күйі лақтырмай, «әлдене бола қалса, нұсқаулықтан қарап алармын» деп қорқасыз ба? Негізі қазір барлығын интернеттен де біліп алуға болады. Сонда да өз кітапшасы керек деген ойда болсаңыз, онда керек деген беттерін суретке түсіріп, бөлек бумаға сақтап қойыңыз. Іздегенде оңай табасыз. Ал шаң басып тұрған нұсқаулықты тастаңыз. Қағаздарды макулатураға өткізген дұрыс.
  • Бекер ақша құртып алған болсаңыз, ол қатеңізді кешіріңіз. Мысалы Starbucks-ке барып қымбат ақшаға термос алдыңыз делік. Бірақ көп ұзамай ол көңіліңізден шықпай қалуы мүмкін. Болмаса, «енді осыған кофе құйып, өзіммен алып жүремін» деген бастапқы ойыңыз сол күйі іске аспай қойған шығар. Содан әлгі термос босқа тұруы мүмкін. Лақтыруға қимайсыз, себебі арзанға алған жоқсыз. Мұндайда қаржылық қателерді мойындап, кешіруді үйрену керек. Есесіне, келесіде жеті рет өлшеп, бір кесесіз. Бұл сізге сабақ болуға тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз