ҚТЖ-ға салынған Қытай инвестициясы: Сары теңіз жағалауындағы терминалға 100 млн доллар инвестициялау арқылы ұлттық компания қандай пайда тапты?
Биыл Ляньюньган портындағы Қазақстан мен Қытайдың бірлескен компаниясы 10 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. «Курсив» бүгін аталған жоба туралы баяндайды әрі оның бастамашысы – ҚТЖ және ҚР Көлік министрлігімен бірге оның тиімділігін бағалайды.
Сары теңіздегі аппақ із
Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Сары теңіз жағасында орналасқан Ляньюньган қаласы қазақстандық инвестицияларды қолдану нүктесі болып таңдалған болатын. 4,7 миллион халық мекендейтін портты қала агломерациясынан Жаңа Жібек жолы басталады. Бұл жоба көбінесе «Еуразиялық жаңа құрлық көпірі» деп те аталады. Ляньюньган портындағы мемориалда ағылшын және қытай тілдерінде дәл осылай жазылған. Еуразиялық көпірдің тұйықталар нүктесі батысқа қарай 10,9 мың шақырым жерде – Роттердамда орналасқан.
Ляньюньган жүк айналымы бойынша Қытайдағы ТОП-10 және әлемдегі ТОП-50 порттың қатарына кіреді. Тек 2024 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша аталған порт арқылы 230 млн тоннаға жуық жүк өткен. Бұл былтырғы нәтижеден 9%-ға артық, оның ішінде 4,4 млн жиырма футтық эквивалент (+13%) тіркелген. Порт инфрақұрылымына иек артқан шетелдік компаниялардың ішінде америкалық Dedola Global Logistics – Калифорнияда орналасқан логистикалық компания, сондай-ақ Caltex Youqi Limited Company – Chevron-ның құрылымы, жанармай сатумен айналысады (Chevron Азия-Тынық мұхиты аймағында, Таяу Шығыста және Оңтүстік Африкада Caltex брендімен жұмыс істейді).
Мұнда жұмыс істейтін ҚТЖ-ның құрылымы Lianyungang China-Kazakhstan International Logistics Co. деп аталады (біздегі құжаттарда – «Ляньюньган қаласындағы Қытай-Қазақстан халықаралық логистикалық компаниясы» ЖШҚ). Оның 49%-ы ҚТЖ-ның еншілес кәсіпорны – KTZ Express-ке тиесілі. Ал бақылау пакеті порт операторы Lianyungang Port Holding Group Co., Ltd-ның меншігінде («Ляньюньган порты КТ» ЖШҚ). Бұл Ляньюньган қаласы халық әкімшілігінің бақылауында.
Жоба туралы алғашқы ақпараттар 1995 жылы Қазақстан мен Қытай арасында Ляньюньган портын жүк тасымалы үшін пайдалану туралы келісім жасалған кезден басталды. Бірақ жобаның инвестициялық кезеңі 2013 жылы Си Цзиньпиннің Астанаға жасаған сапарынан кейін іске қосылды. Аталған сапар барысында Қытай портынан Қазақстанға тиісті аумақ беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сол жылы ҚТЖ мен Ляньюньган қаласы халық әкімшілігі логистикалық терминалды салу және басқару бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойды.
Қазақстандық тараптың жүктерді ауыстырып тиеу жобасына салған инвестицияларының көлемі сол кезде 100 млн долларға (15 млрд теңге) бағаланды. Біздің тараптан жобадағы мақсаты – Азия-Тынық мұхиты аймағынан Қазақстан Республикасына тауарларды жеткізу және кері бағытта жөнелту мерзімдерін 45 тәуліктен 15 тәулікке дейін қысқарту үшін әлемдік мұхитқа шығатын мүмкіндігі бар бақыланатын инфрақұрылымға қол жеткізу.
Терминалдың ауданы 220 мың шаршы метрді алып жатыр. Тиеу-түсіру қуаты 2023 жылғы жағдай бойынша жылына 410 мың жиырма футтық эквивалентке (ЖФЭ) тең. 2014 жылдың мамыр айында қуаты жылына 250 мың ЖФЭ болатын жобаның бірінші кезегі пайдалануға берілді. Терминал қазақстандық жүк жөнелтушілер мен жүк алушыларға ғана емес, Орталық Азияның басқа елдерінен келген клиенттерге де қызмет көрсетеді. Қытай арқылы Орталық Азиядан экспортталатын металдардан, ұннан және мақта-матадан иірілген жіптен бастап құрылыс материалдары мен автомобильдерге дейінгі тауарлардың тауарлардың кең спектрінің транзитін қамтамасыз етеді. Өткен жылдың маусым айында Корея – Қытай – Қазақстан – Өзбекстан жүк пойызының пилоттық бағыты іске қосылды.
ҚТЖ мен «Ляньюньган порты КТ»-ның ортақ жобасы мұнымен шектелмейді. 2017 жылғы жылдық есепте ұлттық компания «Ляньюньган порты КТ»-ның қытайлық COSCO Shipping және ҚТЖ-мен бірге «KTZE-Khorgos Gateway» ЖШС құрғақ портының капиталына қатысқаны туралы хабарлады. 2024 жылдың мамыр айында қазақстандық теміржолшылар мен Қытай портшылары тағы бір контейнерлік хаб құрып жатқанын хабарлады, бұл жолы Ақтау портында. Бірлескен контейнерлік хаб «Каспий өңірі мен Орталық Азия елдері үшін контейнерлік сервис пен саябақты қамтамасыз ету орталығы» болады.
Жоба ақталды ма?
Он жылдық кезеңге зер салсақ, ҚТЖ-ның ляньюньгандық жобасының өндірістік қорытындылары әзірше анау айтқандай қомақты емес. Контейнерді терминалға әкелу немесе әкету 2023 жылы 243 мың ЖФЭ-ны құрады, деп хабарлады ҚР Көлік министрлігі «Курсивке». Осылайша, терминалды толық қуаттан жүктеу 59%-ға тең болды.
Порт Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің экспорттаушылары үшін Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қақпаға айналды ма? ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Орталық Азия елдерінен терминал 21 мың ЖФЭ, оның ішінде Қазақстаннан 14 мың ЖФЭ қабылдады. Қазақстаннан Тынық мұхитының қытайлық жағалауына негізінен ферроқорытпалар, бидай, асбест, кебек, алтын кені концентраты тасымалданады. 2024 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша жағдай мынадай: терминалға Орталық Азиядан 16 мың ЖФЭ, оның ішінде Қазақстаннан 11 мың ЖФЭ келген.
Импорттық бағыт та толықтай жүктелмеген. ҚТЖ «осы жылдың 7 айында Ляньюньган терминалынан Орталық Азияға 45 мыңнан астам контейнер жөнелтілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 22,4%-ға артық», деп мәлімдеді.
Бірлескен кәсіпорынның қаржылық көрсеткіштері – өндірістік көрсеткіштердің жарқын көрінісі. KTZ Express-тің 2022 және 2023 жылдардағы есептілігі ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық есептілік депозитарийінде қарауға һәм жүктеуге қолжетімді болмады. Сондықтан отандық теміржол ұлттық компаниясына салынған қытай инвестициясының қаржылық жағдайы туралы негізгі дереккөз KTZ Express-тің 2021 жылғы есебі болмақ. Қаржы есептілігінде компания өзінің еншілес құрылымдарының негізгі көрсеткіштерін ұсынады. Олардың арасында «Ляньюньган қаласындағы Қытай-Қазақстан халықаралық логистикалық компаниясы» ЖШҚ да бар.
2021 жылдың қорытындысы бойынша бірлескен кәсіпорын активтерінің жалпы көлемі 30,2 млрд теңгені (2021 жылғы бағам бойынша 71 млн доллар), таза активтердің көлемі 28,8 млрд теңгені (68 млн доллар) құрады. Алайда 2020 жылы қабылданған активтердің 10,9 млрд теңгеге құнсыздануына байланысты инвестицияның баланстық құны 3,2 млрд теңге деп танылды. 2021 жылы компания 3,7 млрд теңге (+3%) табыс тауып, 183 млн теңге таза пайдаға кенелді (бір жылда 10 есе ұлғайды).
Егер 2021 жылдың қорытындысы бойынша бірлескен кәсіпорындағы және бүкіл ұлттық компаниядағы сатылымдар мен активтердің тиімділігін салыстыратын болсақ, онда ҚТЖ үшін жалпы деңгей бірлескен кәсіпорындағы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары: сатылым тиімділігі ұлттық компанияда – 9%, ал бірлескен кәсіпорында – 5%; активтердің тиімділігі ұлттық компанияда – 3%, ал бірлескен кәсіпорында – 0,6%.
Көлік министрлігі жоба сәтті жүзеге асырылды деп санайды:
«Жүктерді ауыстырып тиеу өсімінің оң серпіні байқалады. Соның нәтижесінде бірлескен кәсіпорынның кірістілігі артты. Бұл инвестициялық салымдардың көрсеткіші болып саналады».
«10 жыл ішінде терминал Орталық Азия елдері, Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері арасындағы транзиттік тасымалдау, қойма логистикасы және сауда үшін тиімді халықаралық платформаға айналды», – деп атап өтті ҚТЖ.
ҚТЖ-ның болжамынша, алдағы бес жылда терминал 320 мың ЖФЭ контейнерді өңдеуге, 1200-ге жуық пойызды жөнелтіп, қабылдауды ұйымдастыруға ниетті.
«Қазіргі уақытта терминалдың қуаты мен инфрақұрылымы жүктердің ағымдағы көлемімен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Жобалық қуаты 410 мың ЖФЭ құрайды, ал терминал әлі максималды жүктемеге жеткен жоқ. Осыған байланысты оның мүмкіндіктерін кеңейту үшін жақын арада қосымша инвестиция қажет етілмейді. Терминал қызметті өзін-өзі ақтау режимінде жүзеге асырады. Табыстың тұрақты деңгейі мен тұрақты операциялық модельдің нәтижесінде жақын арада қосымша инвестициялар қажет болмайды», – делінген ұлттық компанияның ресми жауабында.
Басқалар да қызығушылық танытты
Соңғы уақытта Қазақстанмен қатар Өзбекстан да экспорттық инфрақұрылымды дамытуға ниетті. Өзбекстан – әлемнің теңізге шыға алмайтын және теңіз жағасындағы көршілері жоқ екі мемлекетінің бірі (екіншісі – Лихтенштейн). Өткен жылы мемлекеттің жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын біріктіретін қауымдастық – «Өзтекстильпром» өзбек жеңіл өнеркәсібінің өнімдерін Солтүстік Америка мен Жапонияға экспорттау үшін Грузияның Поти портында логистикалық терминал құру ниеті барын мәлімдеді. Алайда одан әрі жоба туралы жаңалықтар шыққан жоқ. Ал «Поти» арнайы индустриялық аймағы қатысушылардың тізімін жарияламайды.
Осы жылғы қыркүйектің басында Өзбекстанның сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы Даврон Вахабов және Катардың дәл осы секілді құрылымының басқарма мүшесі Әли бин Әбдулатиф Әл-Миснед Хамад әуежайындағы тарату орталығының жобасы туралы келіссөздер жүргізді. Хаб Qatar Airways бортымен келетін Өзбекстанның экспорттық тауарын Парсы шығанағындағы елдердің барлығына тарататын болады. Өзбекстанның сауда-өнеркәсіп палатасы «ашылған жағдайда тарату орталығында тоқыма, былғары, аяқ киім, жібек, тамақ, электртехникалық, фармацевтикалық, зергерлік, жиһаз, химиялық, парфюмерлік және косметикалық, автомобиль, металлургиялық өнімдер мен құрылыс материалдары сақталатын болады», деп хабарлады.
Экспорттық инфрақұрылымды елден тыс жерде сақтау керек деген идея дүниежүзілік мұхитқа шығудан айырылған елдерге ғана қатысты емес. Осы жылдың тамыз айында «Коммерсант» Ресей Федерациясының 2030 жылға дейін есептелген «Халықаралық кооперация және экспорт» ұлттық жобасының жаңартылған нұсқасы туралы жазды. Ресей Федерациясының Өнеркәсіп министрі Антон Алиханов ұлттық жобаның жаңалығы «Халықаралық экспорттық инфрақұрылымды дамыту» федералды жобасы болатынын атап өтті. Аталған кіші жоба аясында Ресей Федерациясының Үкіметі өнеркәсіптік даму аймақтарын, порт жобаларын және шетелдегі логистикалық хабтарды қолдауға ниетті.
«Мұндай жобалар қазірдің өзінде Өзбекстан мен Қазақстанда жүзеге асырылып жатыр», – деді ол. Оның айтуынша, логистика мен жеткізу географиясын қайта құру, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды талап етеді. Бұған дейін Денис Мантуров хабарлағандай, 2030 жылға қарай 13 шетелдік инфрақұрылым нысанының құрылысы күтіліп отыр. Сондай-ақ қолданыстағы ең танымал маршруттарды пайдалану үшін Оңтүстік Америка, Африка бағытындағы Солтүстік – Оңтүстік секілді басымдыққа ие халықаралық көлік-логистикалық дәліздерін ынталандыру жоспарланып отыр», – деп жазды «Коммерсант».