Стратегтер ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеу траекториясы бойынша болжам жасап жатыр. Ал Қытай билігі қазір маневр жасауда көп мүмкіндікке ие. BMO Capital Markets-тің пікірінше, бигтех акциялары бұрынғы өсімге орала алмаса да, АҚШ-тағы ақша-несие саясатын жеңілдету қарқынына ықпал ете алады. АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық қарама-қайшылық күшейе түсті. Осы және өзге де тақырыптар туралы 19 қыркүйектегі шолудан оқыңыз.
BMO S&P 500-дің жыл соңындағы мақсатты көрсеткішін 6100-ге дейін көтереді
CNBC жазғандай, BMO Capital Markets стратегтері АҚШ қор нарығына қатысты 2024 жылға арналған ең оптимистік болжамын ұсынды. Компанияның бас инвестициялық стратегі Брайан Бельски өзінің индекске қатысты жылдық көрсеткішін 500 тармаққа – 6100-ге дейін көтерді. Бұл 8,6%-дық өсімді білдіреді. Бұл CNBC Pro эксклюзивті сауалнамасына енгізілген стратегтер арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып саналады. Ол орташа нарықтық болжамнан шамамен 9,5%-ға жоғары.
Бельскидің пікірінше, ФРЖ-ның ставкаларды төмендете бастағанын ескерсек, төртінші тоқсан орташа тарихи көрсеткіштерден әлдеқайда күшті болуы керек. Стратег капиталы үлкен технологиялық компаниялардың акциялары жыл соңына дейін өсімді қамтамасыз етпесе де, бұл жоғары серпін бере алады, деп есептейді.
«Егер АҚШ рецессияға түспесе, жағдай 90-шы жылдардың ортасындағы ахуалды қайталауы мүмкін», – дейді Бельски. Естеріңізге сала кетейік, S&P 500 индексі 2024 жылдың басынан бері 19%-ға өсті.
АҚШ DRAM-чип өндіретін қытайлық алыптарға қарсы санкциялар енгізуі мүмкін
Asia Financial хабарлағандай, қытайлық чип өндірушілер HBM чиптерін өндірудегі жетістіктерінен кейін, АҚШ шенеуніктерінің нысанасына қайта ілікті. Бұлар жасанды интеллектінің микросхемалар топтамасында қолданылады. Deutsche Bank DRAM-чип өндіретін қытайлық алыптар АҚШ үкіметінің санкциясына шырмалуы мүмкін екенін еске салды.
Атап айтқанда, чип өндіретін үш компанияға қауіп төніп тұр. Бұлар – ChangXin Memory Technologies (CXMT), Wuhan Xinxin және SwaySure. CXMT – DRAM-чип өндіретін Қытайдың жетекші компаниясы – Вашингтонның АҚШ-тан озық технологияларды жеткізуді шектеуге қатысты шараларына қарамастан, HBM чиптерінің үлгілерін жасап үлгерді. Wuhan Xinxin 2024 жылдың ақпанынан бері заманауи чиптерді шығара алатын зауыт салып жатыр. SwaySure компаниясы Huawei-мен арадағы байланысы үшін АҚШ Үкіметінің назарына іліккен еді. Бұл құрылым да тез арада Қытайдың жартылай өткізгіш өнеркәсібіндегі маңызды ойыншыға айналды.
BofA: ФРЖ төртінші тоқсанда мөлшерлемені 0,75%-дық тармаққа қысқартады
BofA Global Research сарапшылары ФРЖ 2024 жылдың төртінші тоқсанында ставканы тағы 0,75% төмендетуі мүмкін деп есептейді. Бұл туралы Reuters жазды. Стратегтер өз болжамдарын көтерді. Бұған дейін олар қараша мен желтоқсанда тек 25 базистік тармаққа төмендеу болады деп болжаған еді. BofA – әзірге болжамды арттырған жалғыз инвестбанк. ФРЖ басшылары болса 2024 жылдың соңына қарай базалық пайыздық мөлшерлеме жарты пайызға төмендейді деп болжаған-ды.
Естеріңізге сала кетейік, 17 қыркүйекте ФРЖ шарттарды 0,5%-ға жеңілдетті. Федералды резерв төрағасы Джером Пауэллдің айтуынша, мұндай шешім инфляция кеміген кезеңде жұмыссыздықты төмен деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Ставканың айтарлықтай төмендеуінен кейін, BofA экономистері ФРЖ-ның «сұңқар» сарынды мәлімдемелеріне күмәнмен қарайды. Олар 2025 жылы қысқарту бұдан да ауқымды болады деп күтіп отыр – 125 базистік тармақ. Бұл мөлшерлемені қазіргі 4,75%-%-дан 2,75-3%-ға дейін жеткізеді.
Goldman Sachs осы жылдың қараша және желтоқсан айларында қысқартулар туралы болжамын сол күйі қалдырды (25 б.т.). «2025 жылдың шілдесіне қарай мөлшерлеме 3,25%-3,5%-ды құрайды», – дейді сарапшылар. Citigroup биыл күтілетін қысқарту мөлшерін 125 базистік тармақ деңгейінде қалдырып отыр. Бірақ қазір бұрынғы болжамын (50 базистік тармақ) өзгертіп, желтоқсанда 25 базистік тармаққа қысқарту болады деп есептейді. Macquarie және Deutsche Bank биыл ставканың екі мәрте 25 базистік тармаққа төмендеуі мүмкін екенін алға тартып отыр.
Reuters сауалнамасы: Қытай негізгі пайыздық мөлшерлемені және несиелеу көрсеткіштерін төмендетеді
Reuters сауалнамасына қатысқан сарапшылардың пікірінше, Қытай жұма күні несиелеудің негізгі мөлшерлемесін төмендетуі мүмкін. Үкімет мұндай қадамға барады. Өйткені ФРЖ мөлшерлемесінің өзгеруі юаньнің күрт төмендеу қаупін сейілтті.
Қытай юанінің әлсіреуі Бейжіңнің кейінгі бірнеше жылдағы саясатты жеңілдету әрекеттерін тежейтін негізгі шектеу болды. Енді биліктің маневр жасауға көп мүмкіндігі бар. Reuters сауалнамаға қатысқан 39 нарық бақылаушысының 27-сі мөлшерлемедердің төмендейтінін айтқан.
Қытай мөлшерлемені жұмсартуға мәжбүр. Тамыз айындағы экономикалық деректер, соның ішінде несиелеу және белсенділік көрсеткіштері күтпеген жерден нашарлап, экономиканы қолдау үшін қосымша ынталандыру шараларын енгізу өзектілігін арттырды. Си Цзиньпин өткен аптада елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы «жылдық мақсаттарға жетуі керек» екенін ескертті. Ол үшін Үкімет тарапынан қосымша қолдау шаралары қажет. Бұл тұрғыда Қытай бірнеше қадам жасады. Шілде айында билік негізгі қысқа және ұзақмерзімді пайыздық мөлшерлемелерді төмендету арқылы нарықтарды таң қалдырды. Бұл бір жылға жуық уақыт ішінде қаржылық реттеушілердің алғашқы ауқымды қадамы болды және саясаткерлердің экономикалық өсуді күшейтуге деген ниетін байқатты.