Мектептегі суицид оқиғасынан кейін, Оқу-ағарту министрлігі баланың интернеттегі қауіпсіздігіне қатысты нұсқаулық шығарды
Алматы қаласындағы екі мектеп оқушысы суицид жасаған соң, Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға арнап баланың интернеттегі қауіпсіздігіне қатысты нұсқаулық шығарды.
Министрлік ата-аналарға баланы онлайн кеңістікте қорғау маңызды екенін ескертеді. Осы орайда баланың интернетті, қосымшалар мен контентті пайдалануын мұқият қадағалап, бақылауға арналған құралдар мен бағдарламаларды пайдалануды ұсынған.
Сол себепті ата-аналарға жағымсыз сайттар мен қосымшаларды бұғаттау, кілт сөздермен іздеу тапсырмаларын сүзгіден өткізу, интернетте уақытты шектеу, баланың онлайн белсенділігін бақылау, әлеуметтік желілер мен хат алмасуларын бақылау, спам және вирус хабарламаларына, алаяқтық әрекеттерден қорғау ұсынылған.
Министрлік 0-5 жас аралығындағы баланы қорғау үшін үйдегі барлық құрылғыға ата-ана бақылауын орнатуды ұсынады. Ол үшін келесі қадамдарды орындау керек:
- Балаңызға сіздің аккаунтыңызға байланған бөлек есептік жазба құрыңыз.
- Гаджеттерді қолдану ережесін бекітіңіз. Балаңыздың құрылғыларды қонақ бөлмесі сияқты ортақ бөлмелерде қолдануын құптайтыныңызды білдіріңіз.
- Балаңыздың құрылғысына қауіпсіз қосымшалар жүктеп беріңіз. Оларды өз бетімен жүктеп, онлайн сауда жасау мүмкіндігін өшіріп қойыңыз.
- Браузерде немесе басты экранда позитивті қосымшаларды орнатыңыз. Мұндай қосымшалар бала үшін қолайлы контент ұсынады.
Ал 6-10 жас арасындағы баланы қорғау үшін смартфонға құпия сөз орнатқан абзал. Оның есептік жазбасын ата-аналар өз аккаунтымен байланысытырып, смартфондағы ата-ана бақылауы арқылы баланың онлайн белсенділігі, көрген контентін қадағалауы тиіс. Сонымен бірге үйдегі интернет желісіне ата-ана бақылауын орнату ұсынылады.
«Балаңыз үй компьютерін қолданып, сабақ оқу барысында ата-анасына және отбасының басқа мүшелеріне арналған контентке тап болмауын қадағалаңыз», – деп ескертеді министрлік.
Сондай-ақ гаджеттерді үйде, мектепте, демалыс кезінде және т.б. уақыттарда қолдану ережелерін жасау маңызды. Интернетті қайда, қашан, қанша уақыт қолдануға болатынын, өзі туралы қандай ақпаратпен бөлісуге болатынын нақтылап балаға түсіндіру де қауіпсіздік мәселесінде маңызды рөл ойнайды.
11-13 жас аралығындағы балалар әлеуметтік желіге тіркелген болса, олардың парақшасын бақылап отыру маңызды.
«Баланың аккаунтын өзіңіздің есептік жазбаңызға байлаңыз. Бұл оның аккаунтының, жеке хабарламаларының баптауларын реттеуге, геобелгілерді алып тастауға көмектеседі», – деп ескертілген минстрлік сайтында.
Сонымен бірге жасөспіріммен оның онлайн өмірі жайлы әңгімелесу арқылы қандай сайттарға кіретінін, қандай ойындар ойнайтынын, кіммен қандай платформаларда сөйлесетінін білу маңызды. Сонымен бірге онлайн этикет мәселесін қозғап, сақтық мәселесін ескертіп отырған жөн. Желіде кейбір адамдардың фейк профильмей отыратынын, виртуалды әлемде танымайтынын адамдармен танысуға болмайтынын балаға түсіндіруі керек екенін ескертеді.
Министрліктің нұсқаулығымен мына сілтемеден танысуға болады.
Еске сала кетсек, 16 қыркүйек күні Алматыда екі оқушы терезеден құлап кетті. Олардың суицид жасағаны болуы мүмкін.