Әскерде жүріп бас-миы жарақаттанған сарбаз Ербаян Мұхтар емделу үшін Германияға арнайы санавиациямен жеткізілетін болды. Бұл туралы сарбаздың қорғаушысы Инга Иманбай хабарлады.
Қорғаушының айтуынша, Ербаянның ата-анасы Германияға емге жіберуге алдын ала дайындық жасау үшін сарбазды 23 қыркүйектен бастап Астанадағы нейрохирургия орталығына жатқызуға келіскен. Олар балаларымен бір палатада қалуға рұқсат алған.
«Дәрігерлер үй жағдайында ұзақ жолға дайындау мүмкін емес екенін айтады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың өзі емін жеке бақылауына алып, қауіпсіздігіне кепілдік берді. Министрдің өзі уәде беріп тұрғанда Ербаянға ешкім ол жерде қиянат жасауға батпайды деп үміттенеміз», – деді қорғаушы.
Инга Иманбай Ербаянның қазіргі жағдайы бірқалыпты екенін, емін жалғастыру үшін Германияға баруға алдын ала дайындық болатынын атап өтті.
Ербаян Мұхтар 6 ай бұрын әскерде жүріп, бас-ми жарақатын алғаннан кейін комаға түскен. Министрлік оның азаматтық емханада қаралуына рұқсат бергенімен, емхана 15 тамызда сарбазды үйге шығарып жіберген. Осыдан кейін оның отбасы қазақстандықтардан көмек сұрап, Ербаянның еміне қаржы жинауға шот ашқан. Халық 140 млн теңге жинап берген.
Қорғаныс министрлігі сарбаздың саулығы күрт нашарлауына байланысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғаған.