«ҚазМұнайГаз» компаниясы «Ембімұнайгаздың» тікелей иесі атанды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
«ҚазМұнайГаз» АҚ-ға компания акцияларының 99,72%-ы тиесілі / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«ҚазМұнайГаз» компаниясы («Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымы) 17 қыркүйектен бастап «Ембімұнайгаз» және «Өзенмұнайгаз» компанияларының 100% акциясының иесі атанғанын хабарлады. Бұл туралы Қазақстан қор биржасында жарияланған құжатта жазылған.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Ембімұнайгаз» АҚ акцияларының 100 %-н иеленгені туралы KASE-ге хабарлады», – деп жазылған құжатта.

Айта кететіні, 2023 жылы «Ембімұнайгаз» кірісі 402,7 млрд теңгені құрады. Бір жыл бұрын көрсеткіш 394,1 млрд теңге еді. 2023 жылдың аяғында «Ембімұнайгаздың» бас компаниясы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы болды. Ал оның акциялардың 99,72%-ы «ҚазМұнайГазға» тиесілі.

Өз кезегінде, «Өзенмұнайгаздың» кірісі 2023 жылы 784,3 млрд теңгені құрады. Таза табыс 11,1 млрд теңге (2022 жылға – 102,4 млрд теңге) болды. Компанияның жиынтық активтері 2023 жылдың аяғында 861,2 млрд теңгеге жетті. Ал бөлінбеген кірісі 328,6 млрд теңгені құрады. 2023 жылдың соңында «Өзенмұнайгаздың» бас компаниясы «ҚазМұнайГаз» болды, ол 100% компания акциясына ие.

Осылайша, қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» АҚ 64 компанияның үлесіне ие. Оның ішінде, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы – 99,72%, «KMG Green Energy» ЖШС – 100%, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС – 100%-ы бар.

Сонымен қатар, ҚМГ «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС – 50%, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС – 100%, «ҚМГ – Құмкөл» ЖШС – 100% акцияларына ие.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында «ҚазМұнайГаз» компаниясының таза пайдасы 12,5%-ға өсіп, 550 млрд теңгені құрады. Жеке капитал 2%-ға өсіп, 10,6 трлн теңгеге жетті. Алты айда міндеттемелер 6,2%-ға артып, 6,95 трлн теңгеге жетті. 

«ҚазМұнайГаз» – Қазақстанның мұнай-газ саласының ұлттық операторы. Компанияның 67% акциясының иесі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (67,42%), ҚР Қаржы министрлiгi (20%), ҚР Ұлттық банкі (9,58%).

Сондай-ақ оқыңыз