Қазақстанда 7,5 млн теңгеге су жаңа кроссовер тізгіндеуге бола ма?

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Қытайлық кроссовер 1,5 литрлік атмосфералық қозғалтқышпен жабдықталған / Коллаж: kursiv.media

Седанның бағасына енді жаңа кроссовер алуға болады. Алайда ол қытайлық бренд. Қазақстан нарығында «made in China» автоларына сенімсіздік басым болғанымен, олар баға мен мультимедия бойынша алға шыға бастады. Осылайша Astana Motors құрамына кіретін Chery бренді CHERY TIGGO 2 PRO-ның жетілдірілген нұсқасын ұсынды.

Көліктің ерекшелігі неде? Өлшемдері 4200 x 1760 x 1570 см, яғни шағын. Сонысына қарай жанармай шығыны жағынан үнемді. Авто 1,5 литрлік атмосфералық қозғалтқышпен жабдықталған.

Өндірушілер «кроссовер салоны кондиционермен жабдықталған, әйнектері жылытылады» деп атап өтті.

Темір тұлпардың алдыңғы модельмен салыстырғанда ерекшелігі неде? Айналар автоматты түрде ашылып-жабылады, рульдің биіктігін реттеуге болады және электрлік тұрақ тежегіші бар. Жүргізу режимдері, кілтсіз кіру және қозғалтқышты қашықтан іске қосу мүмкіндігі бар.

Негізгі мәселеге тоқталсақ. Бұл, әрине, баға саясаты. 7 млн теңгеге қайталама нарықтан тізгінделген, тіпті тозығы жеткен неміс көлігін алуға болады. Қытайлық кроссовер бұған балама. Бір артықшылығы көлік жаңа. Нақты құны 7 млн 490 мың теңгеден басталады.

«Біз Қазақстанда Tiggo желісіндегі ең соңғы модельді ұсынғанда, бұл көлік халық арасында танымал болатынына сенімді болдық. Сатылым статистикасы болжамнан жаңылмағанымызды көрсетті. 2023 жылдың шілдесінен 2024 жылдың тамызына дейін 7 148 Chery Tiggo 2 сатылды, менің ойымша, жаңартылған нұсқасы да жәл сондай сұранысқа ие болады», – CHERY компаниясының ресми дистрибьюторы First Motor Group директоры Нұрлан Шамғонов.

Бұл бренд Қазақстан нарығында 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істейді. 2024 жылдың тамызына дейін 26 011 Chery көлігі сатылды. Ел нарығындағы Chery үлесі 2024 жылы 7,9%-ды құрайды.

Еске сала кетсек, мамыр айында Қазақстанда Kaiyi көлігінің сатылымы ресми түрде басталады. Бұл Қазақстан нарығындағы 15-ші қытайлық автобренд болды.

ҚХР мемлекеттік кеден басқармасының мәліметінше, 2023 жылы «аспан асты елі» шетелге 1,54 миллион электромобиль экспорттап, 34,12 миллиард доллар табыс тапқан. Осылайша алғаш рет Жапонияны басып озды. 

Сондай-ақ оқыңыз