Жаңалықтар

Алматыда электромобильдерде қолданылатын литий-ионды батареяларды өңдейтін алғашқы зауыт ашылды

литий-ионды батареяларды өңдейтін зауыт ашылды / фото: spkalmaty.kz, бильд-редактор: Артур Алескеров

Алматы индустриялық аймағында Қазақстандағы алғашқы литий-ионды батареяларды өңдеу цехы ашылды, деп хабарлайды «ӘКК Алматы» баспасөз қызметі.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше зауыттың аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Cондай-ақ, кәсіпорында 20 адам жұмыс істейді.

Зауыт ай сайын 20 тоннадан кем емес литий-ионды батареяларды өңдеп, олардан құнды материалдарды — литий бар ұнтақ, алюминий, мыс және басқа да компоненттерді қайта өндіріс үшін алып шыға алады.

Литий-ионды батареялары ұялы телефондарда, ноутбуктарда, электромобильдерде және жаңартылатын энергияны сақтау жүйелерінде кеңінен қолданылады. Соңғы уақытта литийге деген сұраныс артқандықтан, оның қайта өңдеу қажеттілігі өзекті мәселеге айналып отыр.

Цехтың ашылуы литийді өндіру қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, қолданылған аккумуляторлардың 1 тоннасын өңдеу 250 килограммға дейін литийді үнемдейді.

Батареяларды қайта өңдеу экологияға да оң әсерін тигізеді. Литийді бастапқы шикізаттан өндіру кезінде үлкен көлемдегі энергия шығындалып, әр тонна литий өндірісінде атмосфераға 15 тоннаға дейін көмірқышқыл газы бөлінеді. Ал литий-ионды батареялардың 1 тоннасын өңдеу бұл зиянды шығарындыларды 70–80% дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін электромобильдерге сұраныстың артуына байланысты Қазақстан сирек металдар өндірісіне инвесторларды көптеп тартуды көздеп отырғанын туралы жазған едік.