Жаңалықтар

Мейрамханаларда қызмет үшін төленетін 10% бен депозиттерге тыйым салынады

Мейрамханаларда депозиттерге тыйым салынады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мейрамхана, дәмхана және басқа да қоғамдық демалыс орындарында депозиттерге тыйым салынады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесуде айтты.

Министрдің айтуынша, депозит алу бұрыннан заңсыз. Сондай-ақ Азаматтық кодекске сәйкес, мейрамханаға келушілер үшін кіру тегін болуы керек.

«Келушілерге қызмет көрсеткені үшін заңсыз ақы алуды болдырмау мақсатында Ішкі сауда ережесіне өзгерістер енгізілді. Енді мейрамханалар қызмет көрсету ақысын тек мәзірде көрсетілген жағдайда ғана ала алады. Сондай-ақ «депозиттік жүйеге» тыйым салатын ережелер де енгізілді. Мейрамханаға келетін меймандар үшін кіру тегін болуы керек. Алайда қосымша қызметтерге, мысалы, VIP-кабина, караоке-кабина үшін ақы алуға болады», – деді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін министр Арман Шаққалиев мейрамханаларда қызмет үшін төленетін 10% ақыға тыйым салынатыны туралы айтқан еді.

Айта кетейік, бұл жаңа ережелер қазан айында қолданысқа енгізіледі. Шаққалиев бұл өзгеріс бизнес өкілдерінің көңілінен шықпауы әбден мүмкін екенін айтады.

«Әрине, кейбір кәсіп иелері ақша табудың қосымша мүмкіндігінен қағылғысы келмей, қарсылық танытары сөзсіз. Бұл қалыпты жағдай. Сондықтан біз олармен ашық диалог жүргіземіз», – деп мәлімдеді министр.