Антикор төрағасының экс-орынбасары Алматыдағы зәулім үйін сатуды ұйғарды ма?

Жарияланды
Нұрлан Шабдар Антикор төрағасының экс-орынбасары / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Жылжымайтын мүлікті сату порталдарының бірінде құны 2 млрд теңгелік зәулім үй сатылымға шығарылды. Хабарламадағы ақпаратқа сәйкес, бұл ғимарат Алматыдағы элиталық ауданда орналасқан.

«Іле Алатау баурайында, Достық даңғылының бойында «Алем» (Alem) Luxor » коттедж қалашығында вилла сатылады», – делінген хабарламада.

Хабарламада бұл вилланы үй иесі үлкен махаббатпен, әр деталіне мұқият мән бере отырып, өзі үшін салғаны атап көрсетілген.

Ақпаратқа сәйкес, үйдің аумағы 1103.8 шаршы метр, учаскенің көлемі 22.63 сотық, үш қабатты зәулім үй 2005 жылы салынған. Оның бағасы 2 млрд 25 млн теңгені құрайды.

Хабарлама орналастырылған порталда үйдің тұрған жерінің Google Maps картасындағы орны да көрсетілген.

«Курсив» тілшісі осы мекенжай бойынша ашық деректерден іздеген ақпаратқа сәйкес, бұл үйде Қисамиева Меруерт Муташқызы тіркелген.

Қисамиева Меруерт Муташқызы, Шабдар Нұрлан Аманкелдіұлының зайыбы. Нұрлан Шабдар туралы ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сәйкес, ол 2021 жылы Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы болған. Ал 2019 бен 2021 жылдың аралығында Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары болған. 1996 жылдан бері әр жылдары мемлекеттік қызмет атқарған.

Оның әкесі Аманкелді Шабдарбаев 2006-2009 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жерлесі және бұрынғы президенттің Күзет қызметінің бастығы болған.

Меруерт Қисамиеваға келсек, «Metall mining» ЖШС құрылтайшыларының бірі, компанияның 22,5% үлесіне иелік етеді. Сонымен қатар ашық деректердегі мәліметтерге сәйкес, оның атына жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын жеке кәсіпкерлік нысан да ашылған.

Айта кету керек, «Metall mining» ЖШС құрылтайшыларының арасында Ғазиза Шабдарбаева да бар. Кейбір дереккөздерге қарағанда ол – Аманкелді Шабдарбаевтың екінші ұлы – Арлан Шабдарбаевтың зайыбы.

Айта кету керек, ақпарат құралдары бұдан біршама уақыт бұрын Шабрдарбаев отбасының Болгарияның Бургас қаласындағы жылжымайтын мүлкі туралы ақпарат таратқан.

Green Life Beach Resort таунхаус кешеніндегі үш таунхаусты 0,5 млн еуроға сатып алған деген ақпарат бар.

Сондай-ақ оқыңыз