Жаңалықтар

Аягөздегі әскери қызметкердің өзіне қол салуына қандай жағдай әсер етті – Қорғаныс министрлігінің жауабы

әскери қызметкердің
Аягөзде қайтыс болған әскери қызметкердің суицид жасауына тұрмыстық факторлар әсер еткен болуы мүмкін / Фото: Copilot; биль-редактор: Ахтам Зиперов

Аягөздегі әскери қызметкердің суицид жасауына басқа өңірден қоныс аударуы немесе басқа да тұрмыстық жағдайлар әсер еткен болуы мүмкін. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметіне өткен брифинг барысында Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев айтты.

«Бүгін таңертең Аягөзде әскери қызметкер өзіне қол салып қайтыс болды. Бұл азамат әскери бөлімде небәрі 10 күн қызмет еткен. Осы он күн ішінде оның осындай жағдайға баруына не себеп болды деп ойлайсыз?», – деп сұрады журналист.

Қорғаныс министрлігінің өкілі әскерилерге қатысты келеңсіз жағдайлардың барлығын «әскер қатарында болған оқиға» деп қарастыруға келмейтінін атап өтті. Өйткені әскерилер қызметтен тыс түрлі жағдайларға тап болуы мүмкін. Басқожаевтың айтуынша, әскерилерге қатысты қылмыстық оқиғалардың 85-90% әскери бөлімшеден тыс болады.

«Мен түсінем, қоғамда наразылық бар. Бірақ соңғы 2-3 жылда барлық әскери шақырылым бойынша жоспар 110-120 пайызға орындалып жатыр. Осы жылы әскери мектепке түсуге конкурстық бағдарламаға өтінім білдіргендер саны көп болды. 1 орынға 4 адам таласты», – дейді Басқожаев.

Ал Маңғыстау өңіріндегі жағдайға қатысты оқиғаны адами фактор деп атаса, Аягөздегі суицидті тұрмыстық жағдаймен байланысты болуы мүмкін екенін айтады.

«Аягөздегі әскери қызметкерге қатысты, ол қаржымен байланысты қызметте істеді. Оның қызметі полигондағы немесе басқа да әскери іс-шаралармен байланысты емес. Ол бұл бөлімшеге жақында ауысты. Қоныс аударуына байланысты барлық қаржылай төлемдері төленді. Біздің білуімізше, марқұм сол күні түнде әкесімен хабарласқан. Әңгіме барысында ол жұмысына қатысты ешқандай шағым түсірмеген. Әскери қызметкердің психологиялық жағдайына қызмет орнын ауыстырғаны теріс әсер еткен болуы мүмкін. Қазір нақты ештеңе айта алмаймыз. Бұл қайғылы оқиғаға қатысты біз оның ата-анасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз», – деді министрлік өкілі.

Басқожаев қазіргі таңда өзін-өзі өлтіруге итермелеу фактісі бойынша тергеу басталғанын, істі министрлік өз бақылауына алғанын айтты.

Сонымен бірге әскерде келеңсіз жағдайлардың көбейіп кеткеніне байланысты Қорғаныс министрінің әскерлерде құқықтық тәртіпті, сондай-ақ әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған шаралар жүйесін күшейтуді тапсырған. Осыған орай елдің әртүрлі бөлімшелерінде құқық бұзушылықтарды тоқтату шаралары қолға алынғанын жеткізді.

Еске сала кетсек, бүгін, 20 қыркүйек күні таңертең, Аягөзде әскери қызметкердің өзіне қол жұмсап, қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Офицер Қызылордадан осы әскери бөлімге жақында ғана келген. Қайғылы оқиға жұмыстан тыс уақытта болған.

Ал 17 қыркүйекте Арыста әскери қызметкердің басына оқ тиіп, ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Алдын-ала мәлімет бойынша ол өзіне қол жұмсамақ болған.