Жаңалықтар

Израиль Ливанның оңтүстігіне әуеден соққы жасады: АҚШ соғыстың өршуіне қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр

ливан
Израиль Ливанның оңтүстігінде 100-ге жуық зымыран қондырғыларын жойғанын мәлімдеді / Фото: shutterstock

Израиль Ливанның оңтүстігіне әуеден соққы жасап, «Хезболланың» 100-ге жуық зымыран қондырғыларын жойды. Ал АҚШ соғыстың өршуіне жол бермеу үшін Израильді ұстамдылыққа шақырды.

Бұл әскери шабуылдан соң, Израиль мен «Хезболланың» арасы қатты шиеленісе түсті. Өңірде үлкен соғыстың басталып кетпеуіне мүдделі екенін жеткізген АҚШ бұл мәселені шұғыл түрле дипломатиялық жолмен шешуге шақырды. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер Америка Құрама Штаттарының бұл мәселеге қатты алаңдаушылық білдіріп отрғанын жеткізген.

Бірақ Израиль тарапы бұл әрекетімен шектелмейтінін, «Хезболлаға» қарсы шабуылды үдете түсетінін айтқан. Елдің Қорғаныс министрі Йоав Галлант «Хезболланы» қудалауды тоқтатпайтынын жетізген.

«Соғыстың жаңа кезеңінде біздің айтарлықтай мүмкіндіктеріміз бар. Сонымен бірге елеулі тәуекелдер де жоқ емес. Біздің мақсатымыз Израильдің солтүстігіндегі қауымдастықтардың үйлеріне қауіпсіз оралуын қамтамасыз ету. Уақыт өте келе «Хезболла» төлейтін құн арта береді», – деп мәлімдеді Галлант.

Ливанның NNA мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жарылыстар жергілікті уақыт бойынша кешкі 21:00-ден кейін басталған. Израильдің әскери ұшақтары әуеден 52 рет атқылаған. Ливан тарапы бұл соққыларды бір жылдың ішінде жасалған ең ауыр шабуыл деп бағалаған.

Ал «Хезболла» жетекшісі Хасан Насралла жауының шектен шығып кеткенін, осылайша Израильдің елге соғыс жариялап жатқанын айтқан.

«Жауымыз шектен шықты. Барлық заңдық және моральдық нормаларды бұзды», – деп мәлімдеді ұйым жетекшісі.

Бейсенбі, 19 қыркүйек күні Ливанның БҰҰ-дағы өкілі Қауіпсіздік Кеңесіне хат жолдап, Ливандағы техникалардың жарлысына Израильдің жауапты екенін айтқан.

Еске сала кетсек, 19 қыркүйектен бастап, Израиль солтүстік шекарасына әскерін шоғырландыра бастаған болатын. Израиль қорғаныс министрі соғыстың жаңа кезеңі басталғанын, сол үшін барлық әскери қуат солтүстікке қарай орналастырылатынын жеткізген.

Екі ел арасындағы жағдай 17-і мен 18-і күндері Ливанда жаппай пейджерлер, радиолар, рациялар және басқа да жабдықтары жарыла бастаған соң ушықты. Ливан бұл қылмыстық артында Израиль тұрғанын айтты.