Жаңалықтар

Қазақстанға ТМД елдерінен және Қытайдан көшіп келушілердің саны артқан

Қазақстанға қоныс аударғандар арасында техникалық мамандық иелері көп / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында көші-қон сальдосы 7,3 мың адамды құраған. Биылғы жылы сыртқы көші-қонда оң динамика байқалатынын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев айтты.

«Көші-қонның оң сальдосы 2 жыл бойы сақталып келеді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша көші-қон сальдосы +7,3 мың (7 де 3 мың) адамды құрады. Елге 14 мың адам келіп, 7 мың адам көшіп кетті», – деді Ертаев.

Қазақстанға қоныс аударғандардың басым бөлігі ТМД және Қытай елдерінен келген екен. Атап айтқанда, Өзбекстаннан – 4838 адам, Түркіменстаннан – 726 адам, Қырғыз республикасынан – 452 адам, Қытайдан – 1173 адам, Моңғолиядан – 842 адам көшіп келген.

Вице-министрдің айтуынша, елге көшіп келіп жатқан адамдардың білім деңгейі де жоғары.

«Білім деңгейі бойынша да оң сальдо қалыптасып отыр, мәселен, елімізге білімді адамдар көбірек келгені байқалады», – деді министрлік өкілі.

Ертаевтың айтуынша, елге техникалық мамандықты меңгерген 686 адам, педагогикалық мамандықты игерген 215 адам, экономика саласы бойынша білімі бар 203 адам көшіп келген.

Ал ел шегінде қоныс аударушылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе өскен. 2024 жылдың алты айында елдің ішінде көшіп, қоныс аударғандар 688 мың. Бір облыстан басқа облысқа қоныс аударғандар 307 мың.

Ертаев елдің ірі мегаполистерде мигранттардың көбірек шоғырланатынын айтады. Мәселен, 2024 жылдың 6 айында Астана қаласына тұрақты тұру үшін 64 мыңнан астам адам, Алматы қаласына – 60 мың адам, Шымкент қаласына – 31 мың адам көшіп келген.

Еске сала кетсек, шілде айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылдың соңғы 6 айында Қытайдан, Өзбекстаннан, Түрікменстаннан, Ресейден 8758 этникалық қазақ тарихи отанына оралғанын хабарлаған болатын.

Атамекеніне оралған азаматтардың басым бөлігі, яғни 49,5%-ы Қытайдан келсе, 34,7%-ы Өзбекстаннан, 5,9%-ы Түрікменстаннан, 3,3%-ы Моңғолиядан, 1,3%-ы Ресейден келген.