Суицид жасаған әскерилердің бәрі лудоман ба? Депутат сарбаздар арасында құмар ойын ойнайтындар көп екенін айтты

Жарияланды (жаңартылды )
сарбаздар
Әскер қатарындағы сарбаздар бнктерге 7 млрд теңгеге жуық ақша қарыз / Фото: Copilot; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар арасында лудомандар саны артқан. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында депутат Константин Авершин айтты.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскер қатарындағы жауынгерлердің жалпы қарызы 7 млрд теңгені құрайды. Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаевтың айтуынша, сарбаздар әскерге келмей тұрып, банктерге қарызданады.

«Мерзімді әскери қызметке алынған жауынгерлерге кредиттік каникул беріледі. 18-19 жаста әскерге келген сарбаздардың қарызы 2 млрд теңге. Ал 40 мыңға жуық жауынгердің жалпы қарызы 7 млрд теңгені құрайды. Мен тек жауынгерлерді ғана айтып отырмын. Енді әскер қатарында жүрген әскери қызметкерлердің өзіне қол жұмсауы фактілеріне қатысты айтар болсақ, біз барлық мән-жайлармен таныспыз. Тек әдеп мәселесіне байланысты оның себебін айта алмаймыз. Барлық жағдай әлеуметтік-тұрмыстық жайтпен байланысты. Олардың өзіне қол жұмсауының себептеріне әскердегі қызметтің еш байланысы жоқ»,- деді Басқожаев.

Осы орайда журналист қыркүйек айында әскерге қатысты 4 жағдай тіркелгенін, 3 адам қайтыс болып, бір адам ауыр жарақат алғанын айтты. Ал 3 жыл ішінде 273 адам қайтыс болған.

«Осы орайда сіздер әскерге келген балаларды лудомандар деп кінәлап, жаланы өздеріне жаба салғыларыңыз келетін секілді. Жалпы, мұндай жағдайлардың алдын-алу үшін не істеп жатырсыздар»,- деп сұрады журналист.

Брифингке қатысқан депутат Константин Авершин жастардың арасында құмар ойын ойнайтындар көп екенін, ондай балалардың әскер қатарына барғанда әдетін қоймай, қарызға бататынын айтады.

«Біз осындай бірнеше жағдайды тексердік. Жауынгерлер ата-аналарынан ақша сұрата берген. Тексере келе олардың құмар ойынға тәуелді екені анықталды. Қазір бәрі ашық айтылып жатыр. Осы орайда айта кеткім келетін бір жайт, бүгінгі күні әскер қатарындағы лудомния үлкен проблемаға айналып отыр. Суицид фактілерінің дені осы лудоманиямен байланысты. Адам қарызға кіріп кетеді де, бұл мәселенің шешімі ретінде өлімді таңдайды. Әскер қатарында осындай мәселе бар. Соны бірігіп шешуіміз керек. Мен әскердегі жағдаймен жақсы таныспын. Шын айтсам, ол жердегі жағдай сіз айтқандай қорқынышты емес»,- деді депутат.

Журналистер әскерде ақша жинау мәселесінің тек лудоманиямен байланысты емес екенін айтты. Мәселен, Маңғыстауда қайтыс болған жауынгер әкесінен бірталай рет ақша сұратқан. Қорғаныс министрлігінің өкілдері мұндай жиын-терімдерді әскердегі заңсыздықпен байланыстырмайды. Олар бұл ақшаны сарбаздардың өз мұқтажы үшін сұрататынын айтады. Осы орайда Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев ата-аналардан балаларына ақша жібермеуді сұрады. Айтуынша, мемлекет сарбазға қажеттіліктерін өтейтін мөлшерде ақша бөледі.

«Негізі сарбаздардан ақша жинайды деген дұрыс түсінік емес. Жауынгерлер бөлімшеде орналасқан дүкеннен тәтті алу үшін сұрайды ақшаны. Біз ата-аналардан бұлайша ақша жібере бермеуді сұраймыз. Олардың киімі де, тамағы да бар. Егер ақша сұрауы жиілеп кетсе, сіздерде әскери бөлімнің командирінің нөмірі бар, әскери полицияның нөмірі бар. Бірден сол жерге хабарласыңыздар»,- деді Жазықбаев.

Еске сала кетсек, осы жиында Қорғаныс министрлігінің өкілдері Аягөздегі әскери қызметкердің суицид жасауына қандай факторлардың әсер еткенін айтты. Олар Маңғыстау өңіріндегі жағдайға қатысты оқиғаны адами фактор деп атаса, Аягөздегі суицидті тұрмыстық жағдаймен байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз