Freedom Holding Corp. Денсаулық министрлігімен бірлесіп цифрлық жүйе әзірлейді

Жарияланды
Тимур Турлов Денсаулық министрлігімен меморандумға қол қойғанын хабарлады /Фото: instagram.com/timurturlov

Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов Денсаулық сақтау министрлігімен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын хабарлады. Бұл жайлы ол өзінің әлеуметтік парақшасында жазған.

«Бұл біз үшін үлкен әрі жаңа тәжірибе. Біз медицинада цифрландыруды дамыту үшін өз білімімізбен және тәжірибемізбен бөлісеміз. Соңғы уақытта компания стартаптарға инвестиция салуға 100 миллион доллар көлемінде қаржы жұмсады. Олардың ішінде біздің бизнеспен яғни Freedom-мен тікелей байланысы жоқ, бірақ орасан зор әлеуметтік маңызы бар, қазақстандықтардың өмірін жақсырақ және қауіпсіз ететін жобалар бар. Біз бұл жобаларға ақша салып қана қоймай, өз тәжірибемізді, технологиялық шешімдерімізді жеткізіп, процестерді цифрландыруға барынша көмектесеміз.», – деді Турлов.

Сондай ұтымды кейстердің бірі ретінде ол Med365 жобасын атап өтті. Бұл – автопарктердегі жүргізушілерді медициналық тексеруді автоматтандыруға бағытталған қазақстандық жоба. Медициналық тексеру әртүрлі құрылғылармен жабдықталған арнайы жүйе арқылы жүзеге асырылады. Барлық мәлімет жасанды интеллектімен өңделіп, дәрігерлерге адам денсаулығының проблемалары туралы сигнал береді. Солайша бұл жүйе жұмыс берушілердің уақыты мен ақшасын үнемдей отырып, скринингті тез әрі оңай аяқтауға мүмкіндік береді.

«Біз елімізде және денсаулық сақтау жүйесінде мұндай шешімдерді мүмкіндігінше көп көргіміз келеді, өйткені көп нәрсе денсаулықты бақылау мен диагностикалау сапасына байланысты. Осы тәжірибемізбен бөліскіміз келеді. Яғни өз бизнесіміздің инновациялық шешімдерімен және жалпы IT өнімдерімен бөлісуге қашан да дайынбыз», – деп мәлімдеді Турлов.

Денсаулық сақтау министрлігімен меморандумға қол қою арқылы компанияның медициналық қызмет түрлерін цифрландыруға атсалысатынын, солайша азаматтарға көрсетілетін медицианалық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуына жол ашатынын айтты.

«Сондай-ақ вакциналар мен басқа да медициналық өнімдерді қауіпсіз сақтау мен тасымалдаудың цифрлық жүйесін бірлесіп әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Бұл нақты уақыт режимінде температуралық жағдайларды бақылауға, өндірістен пациентке дейінгі барлық кезеңдерде препарат сапасының сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деді Турлов.

Сондай-ақ оқыңыз