АЭС салуға қатысты референдум қарсаңындағы үгіт-насихат: жақтайтындар мен қарсы тарапқа мүмкіндік тең берілген бе?

Жарияланды
Өзбекстанда
Көрнекі фото: Kursiv.media мұрағаты.

PR Forum Astana атты форумда Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов елімізде АЭС-ке қарсыларға ешқандай кедергі жоқ екенін айтты.

«Біз, Өзбекстан және басқа елдер АЭС құрылысын инвестициялық жоба ретінде ғана жүзеге асырып жатыр. Сіздер оны байқамадыңыздар ма? АЭС-ке қарсы тақырып тек қана әлеуметтік желіде ғана қозғалады деген пікірмен келіспеймін. Бізде көп интернет ресурстар, БАҚ-тар мен газеттер бар. Олар АЭС-ке қарсыларға алаңқай беріп отыр. Олардың дені – экологтар. Ал кейбір АЭС-ке қарсылардың бұған саяси реңк беруі – басқа мәселе», – деді министр.  

Оның пікірінше, референдум алдында мемлекет үшін қарсы тарап пен жақтаушылар болып елдің екіге жарылғаны қажет емес. Басты міндеті – референдум туралы заң нормасын орындау.

Десе де кейбір қоғам өкілдері сайлау, референдум өткізу кезінде қоғамға сауал салу туралы заң нормаларын өзгерту керек деп есептейді. Мәселен, саясаттанушы Дос Көшім 2019 жылдан бері қоғамдық пікірді зерттеу жүргізу қиындағанын, қазіргі кезге ол үшін төрт адамның жауапқа тартылғанын айтты.

«Кез келген қоғамдық ұйымдардың әлеуметтік зерттеу жүргізіп, қорытындысын жариялауға құқығы болуы керек. Бірақ бұған заңмен тыйым салынды», – дейді Дос Көшім.

Қазіргі кезде билік партиясы – Аmanat елдің түкпір-түкпірінде үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. «Ақ жол» партиясы да АЭС салуды қолдайтынын жария етіп үлгерді. АЭС салуға қарсы топтар да қара көрсетіп жатыр. Әртүрлі қоғамдық ұйымдардың белсенділері «АЭС керек емес» деген платформа құрды.

Саясаттанушы Дос Көшім референдум қарсаңында саяси партиялардың АЭС-ті насихаттауынан заңдық тұрғыдан ешқандай сөкіттік жоқ екенін айтады.

«Әрбір саяси партия, саяси күш жалпы жиналыстарында шешім шығарып, осы бағытта жұмыс істеуге ұйғарым жасайды. Үгіт-насихат жұмыстарын жасай беруіне болады. Сол ұйымның ішіндегі кейбір азаматтар оны қолдап дауыс бере ме, жоқ па, ол жағы – екінші мәселе. Жеке адам ретінде жеке таңдау жасауға құқығы бар», – дейді Дос Көшім.

Бірақ саясаттанушы әкімшілік ресурстың белсенді әрекетінен секемденіп отыр.

«Менің естуімше, облыстардағы әкімшіліктерде біздің аймақта көбірек дауыс берілуі керек деп жарысқа әзір отыр. Бұл – бұрынғы тоталитарлық жүйеден мұра болып қалған әкімшілік-әміршілдік ресурстарды пайдалану. Атқарушы билік араласса, бұл – заңсыз», – дейді Дос Көшім.

Оның айтуынша, жергілікті әкімдіктер сайлау учаскелерін жасақтау, қалам-қағаз алу тәрізді мәселелермен ғана шектелуі тиіс. Олар шешімнің қабылдануына емес, қабылданған шешімді жүзеге асыруға жұмыс істеуі қажет.

Еске сала кетейік, Бас прокуратура референдумға қатысты заңсыз сауалнама жүргізуге заңмен тыйым салынғанын хабарлаған болатын.

АЭС салуға қатысты референдум 6 қазанға белгіленген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз