Жаңалықтар

Ұлыбританиялық Caspian Sunrise PLC-тің еншілес серіктестігінен 175 млн теңге өндірілді

Бұл серіктестік әлеуметтік міндеттемелерін орындамай келген/ Фото: kursiv.media мұрағаты

Маңғыстау облысында мұнай өндіріп жатқан ұлыбританиялық Caspian Sunrise PLC-тің еншілесі BNG Ltd  ЖШС-дан 175 млн теңге өндірілді. Бұл серіктестік әлеуметтік міндеттемелерін орындамай келген. Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуратурасы мәлімдеді.

«Маңғыстау облысының прокуратурасы Жер қатынасы басқармасын тексеру барысында кен және кен орнын пайдалану туралы заңнаманың бұзылғанын анықтады. BNG Ltd кен пайдаланушы 2022-2023 жылдарға арналған кен өндіру кезеңінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына шығындану міндеттемесін орындамаған», – деп көрсетілген хабарламада.

Прокурорлық қадағалау органы шара қолданып, серіктестіктен мемлекетке 175 млн теңге өндіріп берген.

Caspian Sunrise – Ұлыбританияның мұнай мен газ барлау, өндіру ісімен айналысатын ірі компания.

Бұған дейін бұл компания MJF және Оңтүстік Елемес мұнай-газ құрылымдарын Absolute Resources LLP-ке (ЖШС) 88 млн АҚШ долларына сату мәмілесі жайында ақпарат тарады. Мамыр айының ортасында мәміле құны 83 млн доллар деп жариялағанымен, кейін бағаны 88 млн-ға дейін көтерді.