Болат Назарбаевтан тәркіленген, құны 2 миллиард теңгеге жуық ғимарат әлі де «ВN INVEST» кеңсесі ме?

Жарияланды
Ғимараттың бастапқы бағасы – 1 822 991 453,00 теңгефото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі, марқұм Болат Назарбаевтың дүние-мүлкіне қатысты түсініксіз жайттар көп болып тұр. Мәселен, одан тәркіленген құны 2 миллиард теңгеге жуық ғимарат әлі сатылмай жатыр. Statsnet мәліметтінше, меншік иесі ауысқанмен, атышулы «ВN INVEST қаржы өнеркәсіптік холдингі» ЖШС бас кеңсесі әлі осы жерде орналасқан.

Болат Назарбаевтан тәркіленген бұл ғимарат 2021 жылдың 17 қаңтарынан бастап баға өсімімен аукционға қойылған еді. Бастапқы бағасы – 1 822 991 453,00 теңге. Ал кепілдікті жарна көлемі 110 760 000 теңге деп көрсетілген. Ғимаратты пайдалану мақсаты – офис. Алайда бұл ғимараттың саудасы қызбай тұр. Өйткені, аукцион басталғанға дейін тіркелген қатысушылар болмаған.

Бұл жылжымайтын мүліктің мекен-жайы –  Алматы қаласы Бостандық ауданы Байтұрсынов көшесіндегі 104 үй. Ғимараттың жалпы аумағы 1711,2 шаршы метр болса, оған тиесілі жер телімі – 0.4773 га.

Бұл ғимарат қазір Астана қаласында тіркелген «Қайтарылған активтерді пайдалану компаниясы» ЖШС-ның есебіне өткен. Десе де, «ВN INVEST қаржы өнеркәсіптік холдингі» ЖШС кеңсесі әлі осы жерде тіркеуде тұр.  Болат Назарбаевтың қазасынан кейін бұл серіктестің жаңа иелері туралы да ақпарат көрсетілмей отыр. Дерек көздерінде құрылтайшылары туралы «Табылмады» деген ақпарат қана бар.

Сондай-ақ оқыңыз