Астана әкімдігі жалдамалы пәтер алу үшін тапсырылатын құжаттар тізімін ұсынды

Жарияланды
коллажkursiv.media

Астана әкімдігі көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтарға арналған бағдарламаның іске қосылатынын хабарлады. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бойынша жергілікті атқарушы орган 23 қыркүйек пен 7 қазан аралығында өтінім қабылдайды.

Бағдарлама бойынша жалдау шарты бес жыл сайын созылады. Ай сайынғы жалдау 5-10 мың теңге аралығында. Жалдамалы үйді тұрғындардың жекешелендіруге құқығы жоқ.

Қандай құжаттар қажет?

1. ЭЦҚ кілті;

2. Өтініш берушіге және отбасы мүшелеріне жылжымайтын мүліктің болмауы / болуы туралы анықтама (өтініш берілген күні EGOV.KZ арқылы алынған);

3. Балалардың туу туралы куәліктерінің және отбасы мүшелерінің жеке куәліктерінің сканер-көшірмелері (бар болса);

4. Неке/ажырасу/әке болу/қайтыс болу туралы куәліктердің скан-көшірмелері (бар болса); 5. Тіркелмеген неке туралы нотариустың анықтамасы (тұрмыс құрмағандар/үйленбегендер үшін);

 6. Үлеске немесе жылжымайтын мүлікке меншік құқығын растайтын құжаттар (Шарттың, куәліктің және т. б. көшірмесі);

7. Өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің мүгедектігі туралы анықтаманың сканер-көшірмесі (бар болса).

Әкімдік өтінімді портал арқылы жолдауға болатынын қаперге салады. Бағдарлама туралы қосымша ақпаратты www.zhilfond.kz сайты немесе +7 (7172) 28-09-59 телефоны арқылы білуге болады.

Портал арқылы қалай өтініш беруге болады?

1. Алдымен компьютерде NCAlayer орнатылғанына көз жеткізіңіз (бағдарламаны мына жерден жүктеуге болады pki.gov.kz).

2. birge.astana.kz порталына өтіңіз, «Жеке тұлға» ретінде кіріңіз немесе тіркеліңіз, ЖСН, телефон нөмірін және ЭЦҚ кілтін толтырыңыз (RSA/GOST сертификаттары).

3. «Тұрғын үй бағдарламалары» немесе «Танымал қызметтер» бөліміне өтіңіз.

4. «Халықтың әлеуметтік осал топтары мен көп балалы отбасылар санаттары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» қызметін таңдаңыз.

5. Өтініш формасын ашу үшін «Қосу+» түймесін басыңыз.

6. Нысанды толтырыңыз, құжаттарды тіркеңіз, ЭЦҚ (RSA / GOST сертификаттары) көмегімен өтінішке қол қойыңыз және жіберіңіз.

7. Нәтижесі бар KiT_Notify немесе SmartAstana-дан SMS-хабарлама күтіңіз.

«Көпбалалы отбасылар» санатына – 223 пәтер беру көзделген. Ал жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 154 пәтер, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – 458 пәтер қарастырылған.

Бұл үйлер Астана қаласының Қорғалжын тас жолы ауданында, Нұрғиса Тілендиев даңғылында, Астана-Қарағанды тас жолы ауданында орналасқан.

Еске сала кетсек, 28 тамызда Астанада сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерге өтініш қабылдау басталған болатын. Құжат қабылдау мерзімі 3 қыркүйекке дейін созылды.

Сондай-ақ оқыңыз