Абылай Мырзахметовтің ісі бойынша мемлекетке қосымша 7 млрд теңге қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
«Қазіргі уақытта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы А.И. Мырзахметовке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша мемлекет кірісіне 7 млрд теңге сомасында заңсыз алынған ақшалай қаражат аударылды», – деп жазылған хабарламада.
Жыл басынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аяқталған қылмыстық істер шеңберінде шамамен 195 млрд теңгені өтеген. Соңғы 2,5 жылда, оның ішінде олигополиялар тарапынан Қазақстан халқына 1,09 трлн теңге қайтарылды.
Еске сала кетсек, сот үкімімен Абылай Мырзахметов аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған еді. Оған жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл мерзімге қызмет атқаруға тыйым салынды. Мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған 5,8 млрд теңге сомасында ақша қаражаты тәркіленіп, сотталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, Абылай Мырзахметов ісі жабық режимде қаралды. Мемлекеттік айыптаушы өтінішін сол кезде тараптар мақұлдады.