Демалысты пайдалы әрі қызықты өткізу үшін, ғылыми-танымдық Qalam порталында жарияланған материалдар топтамасын ұсынамыз. Осы аптада: Алматыдағы Aspan галереясында өткен Қазақстанның танымал заманауи суретшілерінің бірі Гүлнұр Мұқажанованың «Үміт шуағы» атты көрмесі, империяның бой түзеуіне әсер еткен балық, құпияға толы Войнич қолжазбасы және әдебиетті жақсы көретін жандарға арналған қызықты тест жарық көрді.
«ҮМІТ ШУАҒЫ» КӨРМЕСІ
Асқақ үміт пен совет заманының көлеңкесі. Алматыдағы Aspan галереясында Қазақстанның танымал заманауи суретшілерінің бірі Гүлнұр Мұқажанованың «Үміт шуағы» атты көрмесі өтіп жатыр. Оның жұмысы Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей секілді елдерде қойылған, ал 2007 жылы ол 52-ші Венециялық биенналеде көрсетілді. Көрмеге тек бір жұмыс қойылды — ұзындығы 41 метрден асатын полотно бар. Оның мәні, маңызы туралы толығырақ сайтымыздан оқыңыздар.
ТЕРІСКЕЙ ТЕҢІЗДІҢ ТЕҢДЕССІЗ МАЙШАБАҒЫ
Ежелгі заманнан бері Атлантикалық Clupea harengus майшабағының үлкен үйірлері Дүниежүзілік мұхиттың солтүстігін мекен етіп келеді. Балықтың бұл түрі шамамен 3-6 миллион жыл бұрын пайда болған. Тіпті Homo sapiens адамдары олардан әлдеқайда кейінірек жаралды. Ал осы солтүстіктің салқын суында жүзіп жүрген майшабақтар адамзаттың дамуына бірнеше миллион жыл бойы үлес қосып келгенін білесіз бе?
ВОЙНИЧ ҚОЛЖАЗБАСЫ
«Бұл жалғанда мәлім болмайтын сыр, жария болмайтын құпия жоқ». Бұл тәсілді «жұмбақ тілдерге де» қатысты қолдануға болатын тәрізді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жолданған ең күрделі шифрланған хабарламалар мен құпия жазбалардың, Елизавета ханшайымның дәуіріндегі кодталған хаттардың, тіпті тарих қойнауына кетіп, жоғалып кеткен тілдерде жазылған мәтіндердің сыры мәлім болды. Дегенмен ең тапқыр деген криптографтардың өзі құпиясын аша алмай келе жатқан құжаттар да баршылық. Йель университетінің Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар кітапханасында сақталған Войнич қолжазбасы — сондай мәтіндердің бірі.
ЕҢ ӘУЕЛІ СӨЗ БОЛДЫ…
Ең үлкен сапар бірінші қадамнан, ал көлемді роман – алғашқы сөйлемнен басталады. Көп жазушы шығармасының бірінші сөйлеміне мистикаға парапар ерекше маңыз береді. Өйткені ол туындының тұтас ниетін айқындап қана қоймайды, кітапты бастан-аяқ парақтап оқып шыға ма, әлде сөреде шаң басып қала ма – осының бәрі кітаптың қаншалықты оқырманды ә дегеннен баурап ала алғанына байланысты. Әлем әдебиетінің шедеврі саналатын кітапты алғашқы сөйлемінен анықтай алмасаңыз да, ең болмағанда авторын еске түсіре аласыз ба? Бағыңызды сынап көріңіз!