«Қазфосфат ТӨК» ЖШС-ның еншілес кәсіпорны – «Қазфосфат» ЖШС өзінің минералдық-шикізаттық базасын біртіндеп кеңейтуде. Компания Жамбыл облысы Талас ауданындағы Ақсай кен орнында +560 метр горизонттағы фосфорит өндіру бойынша күрделі тау-кен жұмысын аяқтайды. Бұл жөнінде Dprom басылымы жазды.
2024-2042 жылдарға арналған аумақты дамыту жоспары Қазақстанның бірыңғай экологиялық порталында орналастырылды.
Тау-кен өндіру техникалық шартына сәйкес фосфоритті жер астынан өндіру көзделген. Кеніштің бірінші қабатын ашу мен өндірудің техникалық-экономикалық негіздемесін «Госгорхимпроект» институты әзірледі. Ақсайда қабатты-камералық өңдеу жүйесі қолданылады.
Алғаш рет кен орнының қорлары кеңестік кезеңде барланған. 1957 жылы КСРО Мемлекеттік қор комитеті 82 млн тонна кен көлемін бекітті. Кейінірек ашық әдіспен өндіру және кен орнының терең горизонттарына қосымша барлау жұмыстары жүргізілді.
2023 жылдың басына 1,977 млн тонна мемлекеттік меншік есебінен шығарылды, қалған қорлардың қалдығы 5,928 млн тоннаны құрайды.
«Қазфосфат» тау-кен өңдеу кешені биыл кәсіпорынның жылдық өнімділігін 250 мың тоннаға, ал 2025-2041 жылдар аралығында оның көлемін 300 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
«Қазфосфат» филиалдарының қатарында Степногорск химия зауыты, екі тау-кен байыту кешені және минералды тыңайтқыштар зауыты бар. «Ақсай» жобасы өндірушіге концентрлі тыңайтқыштар өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.
2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша компанияның соңғы бақылаушысы ретінде Владимир Ким көрсетілген. 2023 жылдың 22 маусымында «KAZ Chemicals» ЖШС «Қазфосфат» ЖШС-ның 100% үлесін CAF Holding Ltd. жекеменшік компаниясына сатты. Солайша «Қазфосфат» ЖШС CAF Holding Ltd. жеке компаниясының иелігіне өткен. CAF Holding Ltd. компаниясының қатысушылары – KP Fertilizers Ltd (50%), Kazakhmys Resources B.V. (40%), Нұрланов Нұрхан Нұрланұлы (5%) және Нұрланов Нұржан Нұрланұлы (5%).
Ал KP Fertilizers Ltd. компаниясының атқарушы директоры Артур Карамашев, директоры Момцемлидзе Сергей Раулиевич деп көрсетілген. Олардың сонымен бірге Ресейде тіркелген «Казхимпром» холдингіне қатысы бар. Холдингке қатысты мәліметтерде компанияның атқарушы директоры ретінде Артур Карамашев көрсетілген. Ал Момцемлидзе компанияның 33,33% үлесіне иелік етеді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2024 жылдың мамыр айында Жамбыл облысы бойынша департаменті «Қазфосфат» ЖШС-ны тергеді. Компания сұйық оттегі бағасын қымбаттатқан. Кәсіпорынға 1 203 300 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Қыркүйек айында Жамбыл облысының прокурорлары «Қазфосфат» компаниясына эмиссия салығы үшін артық төлеген сомасын қайтаруға көмектескен. Қаражат артық төленгеніне қарамастан, Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы инвесторға салықтың артық төлемін қайтарудан бас тартқан. Прокуратура араласқан соң, бұл қаражатты инвестордың болашақ төлемдері ретінде есепке алу жөнінде шешім шығарылған.