АҚШ пен Иордания өз азаматтарына Ливан аумағынан шұғыл кетіп қалуды қатаң ескертті
АҚШ пен Иордания мемлекеттерінің ведмстволары өз азаматтарын Ливаннан шұғыл түрде кетуге шақырды. Екі ел де Израиль мен «Хезболла» арасындағы қақтығыстың ушығуы мүмкін екенін ескерткен.
АҚШ Мемлекеттік департаменті Израиль мен Хезболла арасындағы «қақтығыстың болжауға болмайтын сипатына» назар аударды және осыған байланысты америкалық төлқұжат иелерін «коммерциялық рейстер қолжетімді болғанша Ливаннан кетуге» шақырды.
Иорданияның Сыртқы істер министрлігі өз кезегінде отандастарына Ливанға барудан бас тартуды ұсынды. Қақтығыс аймағында тұратындарға «Ливан аумағынан мүмкіндігінше тезірек кетуді» қатаң түрде ескертті. Амман өз үндеуінде Ливан-Израиль шекарасында шиеленістің өрши түскені жөнінде айтқан.
17-18 қыркүйек күндері Ливанда «Хезболла» мүшелеріне тиесілі пейджерлер мен рация құрылғылары жарылып кеткен. Соңғы мәлімет бойынша осы жарылыстардан кемінде 37 адам қаза тапқан, 3 мың кісі жарақат алған. Бұған «Хезболла» Израильді айыптады.
Одан кейін Израиль солтүстік шекарасына қарай әскерін шоғырландыра бастады. 20 қыркүйекте Израиль Ливанның оңтүстігіне әуеден соққы жасап, «Хезболланың» 100-ге жуық зымыран қондырғыларын жойды. Ал АҚШ соғыстың өршуіне жол бермеу үшін Израильді ұстамдылыққа шақырды.
«Хезболла» Израильдің солтүстігіне үнемі шабуыл жасайды. Осы жолы жауап ретінде 85 зымыранды атқылады. Қыркүйектің 22-не қараған түні Израиль жедел жәрдем қызметі атқылау салдарынан бір адам жараланғанын хабарлады.