Петропавлда көз жұмған әскери қызметкер суицид жасаған болуы мүмкін – департамент
21 қыркүйекке қараған түні Петропавлда келісімшарт бойынша қызмет атқаратын сарбаздың мәйіті табылды. Солтүстік Қазақстан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша оның денесі жұмыстан тыс уақытта үйлердің бірінің жертөлесінен табылды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, әскери қызметкер отбасындағы жанжал салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған. Оқиға орнынан суицид жасау туралы хат табылды. Себептері мен мән-жайы анықталуда», – делінген хабарламада.
Өлім дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған департамент басшылығы отбасы мен жақындарына көңіл айтады.
Қорғаныс саласында әскерилер өлімі туралы ақпараттар жиі жарияланады. Бірақ министрлік қайғылы оқиғаларға әскерлердің өздерін айыптаған.
7 қыркүйекте Маңғыстау облысының «Оймаша» полигонында өтіп жатқан әскери оқу-жаттығу кезінде оқыс оқиға болды. Полигонда қаруды пайдалану ережесі өрескел бұзылған. 7 қыркүйекте гвардия кезекшісі, лейтенант ПМ 9 мм тапаншадан оқ атқан. Тапанша оғынан Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімінде мерзімді қызмет атқаратын сарбаз Марат Барқұлов мерт болды.
13 маусым күні Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдердің біріндегі мерзімді қызметтегі әскери қызметші жарақат алған. Оқу-жаттығу кезінде әскери қызметші көз жұмды.
20 қыркүйек күні таңертең Аягөзде тағы бір әскери қызметкердің өзіне қол жұмсап, қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев Аягөздегі әскери қызметкердің суицид жасауына басқа өңірден қоныс аударуы немесе басқа да тұрмыстық жағдайлар әсер еткен болуы мүмкін деген пікір айтты. Офицердің туыстары марқұмның Қызылордада әскери кафедраны бітіргенін, запастағы лейтенант болғанын хабарлаған.
17 қыркүйекте Арыста әскери қызметкердің басына оқ тиіп, ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Алдын-ала мәлімет бойынша ол өзіне қол жұмсамақ болған.