Алматыда жалғызбасты зейнеткерлердің пәтерін сатумен айналысқан күдіктілер тобының соты басталды
Алматыда құрамында дәрігерлер, нотариус пен такси жүргізушісі, барлығы 22 адам бар аты шулы іске қатысты сот өтіп жатыр. Олар жалғызбасты зейнеткерлерді немесе бос тұрған пәтерлерді тауып, жөндеуден өткізіп, арзан бағамен сатумен айналысқан.
Бүгін отырыста айыпталушылар – нотариус пен оның танысынан жауап алынды. Оларға алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Нотариус танысымен бірге бос, қараусыз қалған пәтерлердің құжаттарын рәсімдеп, сатқаннан кейін ақшаны өзара бөліскен.
«Жоспарды Р. ұсынды. Ол 2 жыл бойы бос тұрған пәтер бар екенін айтты. Мен базадан қарадым. Мұрагері болмады. Пәтерді 12 миллион теңгеге саттық, ақшаны бөліп алдық», — дейді нотариус.
Оны екінші жауапкер танысы да растады.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша мұндай эпизод саны – 37. Оның бірі Татьяна Фиртоваға қатысты. Жәбірленушінің айтуынша, оның бұрынғы қайын атасының пәтері заңсыз қайта рәсімделіп сатылған.
«Біз кездейсоқ газеттен осындай адам қайтыс болды және мұрагерлерін іздеп жатыр деген хабарландыруды тауып алдық. Мен нотариус М.-ға (сотталушы) жүгінгенімде, бұл пәтер жалған мұрагерге сатылып кеткен және маған беруден бас тартты. Нотариус барынша кедергі жасап, дәлелдер мен құжаттарды сұратты, мен барлығын жинаған кезде, мұрагерлік хат бар екенін айтты. Ол жалған болып шықты. Бұл іс 3 жыл бойы жалғасып жатыр. Тергеу барысында көптеген пәтердің құжаттары осылайша қолдан жасалғаны, бұл ұйымдасқан қылмыстық топ екені белгілі болды», – деді жәбірленуші.
Сотталушылар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар, алаяқтық жасады, тіпті адам ұрлады деп айыпталып отыр. Жалпы іс жалған құжат жасау, алаяқтық, кісі өлтіру, сексуалдық зорлық-зомбылық, бас бостандығынан айыру және адам ұрлау айыптары бойынша қарастырылуда.
Айта кетейік, бұған дейін есірткі контрабандасымен айналысқан екі адам ұсталып, олардан құны 500 мың долларды құрайтын есірткі тәркіленген еді.