Алматының бірнеше ықшамауданында суық су болмайды
26 қыркүйек күні Алматыда жоспарлы технологиялық жабдықтарды ауыстыру жұмыстарына байланысты бірнеше ықшамауданда суық су өшіріледі деп хабарлайды «Алматы Су» кәсіпорны.
«Алматы су» кәсіпорнының таратқан ақпаратына сәйкес, 26 қыркүйек күні сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін келесі мекенжайлар бойынша тұрғын үйлер мен басқа ғимараттарға су беру шектеледі:
Орбита 1, 2, 3, 4 ықшамаудандары, Таугүл, Таугүл 1, 3 ықшамаудандары; Мамыр 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7 ықшамаудандары; Абай даңғылы – Саин көшесі – Жандосов көшесі – Яссауи көшесі контуры; Абай даңғылы – Яссауи көшесі – Кенесбаев көшесі – Ашимов көшесі контурында су болмайды.
«Аталған секторларда уақытша су беру шектеулері жоспарлы жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Алматыда борышкерлер ыстық судан ажыратылатынын ескерткен. Өйткені жылу мен суға қарыз 2,1 млрд теңгеге жеткен. Коммуналдық ақыны екі айдан аса кешіктірген адам борышкер қатарына кіреді. Коммуналдық қызметтер алдымен қарызды өтеу туралы хабарлама жібереді. Тұрғын сонда да қарызын төлемесе, онда басқа шаралар қолданылады
Еске сала кетейік, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров коммуналдық қызмет тарифі жүйесіне «көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидасы қашан енгізілетінін айтқан еді.