2024 жылғы көктемде болған ауқымды су тасқынынан кейін 30 мыңнан астам қазақстандық отбасы мемлекеттен өтемақы алды (тұрғын үйді қалпына келтіру және мүлікті өтеуге 70 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды). «Курсив» басылымына жауап берген сақтандыру компанияларынан мүлкін алдын ала сақтандырып, төлем алғандардың саны әзірге жүзден аспайды (бұл – жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер).
Кімдер төлем алды? Күтіп отырғандар қанша?
Су тасқынынан зардап шеккендерге ең үлкен төлемді «Еуразия» сақтандыру компаниясы жасады – 200 млн теңге. Негізінен бұл қаражат Ақтөбе облысындағы мүлікке келген залалды жоюға жұмсалды. «Еуразияның» су тасқыны бойынша төлемдері әлі де өседі. Өйткені шамамен жиырма өтініштің бірнешеуі әлі де реттеу сатысында. Бұл өтініштер заңды тұлғалардан түскен. Сақтандыру компаниясының баспасөз қызметі былай деп түсіндірді:
«Өндірістік алаңдарға және жабдықтарға келген залалды есептеу жеке тұлғалардың мүлкіне қарағанда ұзағырақ және күрделірек болуы мүмкін».
«Еуразия» СК-ның мәліметі бойынша, заңды тұлғалар 1 млн теңгеден 50 миллион теңгеге дейінгі сақтандыру төлемдеріне үміттеніп отыр.
Jusan Garant басқарма төрағасының бірінші орынбасары Рамазан Асилов сақтандыру компаниясына Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары, Өскемен мен Қостанайдан 18 өтініш түскенін, олардың 14-і бойынша 41 млн теңге көлемінде төлем жасалғанын және орташа өтемақы шамамен 3 млн теңгені құрағанын хабарлады.
«Кейбір жағдайларда біз сақтанушыларға 8 млн теңгеден артық төлем жасадық, ал кейбірінде шамамен 1 млн-нан сәл асатын сома берілді. Бәрі су тасқынының мүлікке келтірген залалы мен оны қалпына келтіруге кеткен шығындарға байланысты болды», – деп түсіндірді Асилов.
Тағы екі өтініш қарастырылып жатыр. Сонымен қатар бір өтініш бойынша залал 639 мың теңгені құрады әрі франшизаның мөлшерінен аз болған (мұндай жағдайда сақтандыру төлемі төленбейді). Тағы бір өтініш бойынша клиент соңында сақтандыру төлемінен бас тартып, мемлекеттік өтемақы алуды жөн көрді (азамат тек бір ғана төлем алуға құқылы болды – сақтандыру компаниясынан немесе әкімдіктен, әкімдік көбірек ақша ұсынды).
«Номад Иншуранс» СК жеті өтініш бойынша 35 млн теңге төледі, деп хабарлады компанияның PR бөлімінің директоры Шакир Иминов. Төлемдердің көп бөлігі Қостанай облысына (15 млн) төленген, Атырау облысына – 10 млн, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарына – 5 млн теңгеден берілді. Тағы 13 өтініш бойынша сақтандыру компаниясы қажетті құжаттарды күтіп отыр. Құжаттардың жетіспеуі оқиға орнына бару қиындықтары мен залалды дәл бағалау үшін қосымша сараптама қажеттігіне байланысты туындаған.
«Біз өтініштерді өңдеу үдерісін жеделдетуге тырысамыз. Бірақ төлем рәсімдерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін белгіленген тәртіптерді бұзғымыз келмейді», – дейді Иминов.
«Сентрас Иншуранс» СК 19 клиентке өтемақы төледі, екі өтініш әлі қарастырылу үстінде. Компания өтініш қабылдауды жалғастырып жатыр. Қазіргі күні өтініштердің көбі Ақтөбе облысынан түскен, сондай-ақ Ақмола облысы мен СҚО-дан да өтініш бергендер бар.
«Amanat» СК Оралдан үш өтініш қабылдады және олардың барлығы бойынша төлем жасалды.
«Freedom Insurance» СК басқарма төрағасының орынбасары Александр Тулешов компанияға екі өтініш түскенін, екеуі де ірі заңды тұлғалардан екенін айтты. Бірінші жағдайда компания Костанай облысындағы ғимараттың сақтандырушысына төлем жасаудан бас тартты, себебі залал мөлшері франшиза деңгейіне жетпеді. Екінші клиент – ірі мұнай компаниясының Ақтөбе облысында мұнай жабдығы, ғимараттар мен құрылыстары суда қалған. Бұл ретте тәуекелдің 95%-ы шетелдік қайта сақтандыру компанияларымен қайта сақтандырылған.
«Тәуекелдің негізгі үлесін қайта сақтандыруға қабылдаған қайта сақтандырушы болып тағайындалған шетелдік аджастер зардап шеккен нысанды тексерді. Қазіргі уақытта біздің компания осы клиенттен залалды бағалау туралы қорытынды есепті күтіп отыр. Осыдан кейін біз қайта сақтандыру компанияларымен бірлесіп сақтандыру төлемі туралы шешім қабылдайтын боламыз», – деп түсіндірді Тулешов.
Сақтандыру нысандары
Сақтандыру команияларынан «су тасқынына» қатысты сақтандыру төлемдерін алған (немесе күтіп отырған) клиенттер мүлікті ерікті сақтандыру шарттарын жасасты (алайда сақтандырушылар жеке тұлғалар негізінен кепілді мүлікті өз еркімен сақтандырғанын атап өтті).
«Еуразия» СК жеке тұлғаларға қарағанда заңды тұлғаларға көбірек төлем жасаған. Компания өкілдері түсіндіргендей, олардың аймақтардағы жеке клиенттері әдетте автокөлікті сақтандырады (автонесие беретін банктердің талаптары аясында), бірақ су тасқыны кезінде бұл көліктердің барлығы дерлік қауіпсіз аймақтарға өткен. Тиісінше сақтандырылған нысандарға зиян келген жоқ. Су басқан аймақтарда қалған көліктер бойынша орташа төлем 400 мың теңгені құраған. Зақымдалған жеке көліктер терең химиялық тазалауды және қозғалтқышты басқару блоктарын, электрониканы, сымдарды жөндеуді қажет етеді.
Заңды тұлғалар ерікті бағдарламалар бойынша көлік, арнайы техника, жылжымайтын мүлік, өндірістік жабдықтарды сақтандырады. Ең үлкен зиян технологиялық жабдыққа келтірілгені – су бұларды толығымен жарамсыз етуі мүмкін. Бұл өндірістің ұзақмерзімді тоқтап қалуына әкеледі.
Jusan Garant компаниясына түскен 18 өтініштің тек біреуі – заңды тұлғадан (компания шынжыр табанды арнайы техниканы сақтандырды) және 17-сі – жеке тұлғалардан.
«Су тасқыны кезінде зардап шеккен Jusan Garant клиенттерінің барлық мүлкі аман қалды және қалпына келтіруге жарамды. Петропавлда біздің клиенттің үйі сәуір айында толығымен су астында қалды, тек төбесі ғана жер бетіне шығып тұрды. Соған қарамастан нысан құлаған жоқ. Қабырғаларына, төбелеріне, едендері мен есіктеріне ғана зақым келген», – дейді Jusan Garant басқарма төрағасының орынбасары.
Рамазан Асилов жеке тұлғалардың мүлкінің көп бөлігі ипотекалық тұрғын үй екенін және олар банктің талабы бойынша сақтандырылатынын атап өтті.
Александр Тулешов жалпы алғанда аймақтардағы мүлікті сақтандыру негізінен банктердің кепілді тұрғын үйді сақтандыру талаптарына байланысты екенін алға тартты. Басқа жағдайларда адамдар өз мүлкін өте сирек сақтандырады.
«Сентрас Иншуранс» және «Аманат» сақтандыру компанияларына көптеген өтініш жеке тұлғалардан келген (сәйкесінше 19-дың 15-і және үшеудің екеуі). Біріншісінде көбінесе жеке коттедждер мен бір қабатты саманнан жасалған ғимараттар сақтандырылды, олар ішінара немесе толығымен су астында қалды. «Бұл нысандар мұндай жағдйға осал болып шықты, бұл оларды сақтандырудың маңыздылығын растайды», – деп атап өтті «Сентрас Иншуранс».
Amanat-тағылар су сақтандыру компаниясы сақтандырған үйлерге еніп, қабырғалар, қабырға жабындары, қосалқы ғимараттар бүлінгенін, үйлердің іргетастары шөгіндіге айналып, қабырғаларда жарықтар пайда болғанын хабарлады. Бір заңды тұлға компанияда монша кешенін сақтандырды.
Сақтанушы жеке тұлғалар «Номад Иншуранс» арқылы тұрғын үйлерді, пәтерлерді, сондай-ақ ондағы мүлікті (жиһаз, тұрмыстық техника, жеке заттар) сақтандырған. Корпоративтік бизнес өзінің ғимараттары мен құрылыстарын, қоймаларын, жабдықтарын, қоймалардағы тауарларын, көлік құралдарын сақтандырды. Шәкір Иминов кейбір жағдайларда мүлікке үлкен зиян келгенін айтты: «Кейбір жағдайларда тасқын су ғимараттардың іргетасын шайып, қабырғаларды қақыратып жіберді, енді бұлар күрделі жөндеуді қажет етті. Өкінішке қарай, кейбір жағдайларда клиенттер су тасқыны мен ғимараттардың қирауына байланысты мүлкін толығымен жоғалтуға мәжбүр болды».
ТЖ кезінде сақтандыру жұмыстарының ерекшеліктері
Су тасқыны кезінде өңірлерде ТЖ режимі жарияланғандықтан, адамдар эвакуацияланды, кейбір сақтандырушылар өз клиенттерімен кездесуге барды және шартта белгіленген мерзімнен кешірек өтініштер қабылдады. Мәселен, Jusan Garant клиенттерден сақтандыру жағдайы туралы кеш берілген хабарламаларды бұзушылық ретінде қарастырған жоқ, ал «Еуразия» мен «Номад Иншуранс» сақтандырушылары үшін бұл мерзімдер «су тасқынынан кейін эвакуациялау және қалпына келтіру қиындықтарын ескере отырып» ұзартылған. «Номад Иншуранс» су тасқынына байланысты қажетті құжаттарды жинауды жеңілдетуге және ыңғайлы етуге тырысқанын, сондай-ақ сақтандыру клиенттерге су тасқыны кезінде өз құқықтары мен міндеттерін білуі үшін тегін заңгерлік кеңестер бергенін жеткізді.
Сақтандыру компаниялары апаттық комиссарлар мен судың шегінуін бағалаушылардың салыстырмалы түрде ұзақ күткенін айтты. Рамазан Асилов Петропавлдың сақтандырылған тұрғынын еске салды. Оның үйін шатыр деңгейіне дейін су басқанын, ал тексеру тек мамыр айында су кетіп, үйге кіру мүмкіндігі пайда болған кезде жүргізілгенін айтты.
«Freedom Insurance» компаниясында мүлікті бағалау мамыр айының ортасында басталды, дейді Александр Тулешов. Ал оған дейін мұны істеу мүмкін болмады. Өйткені «іс-шара үшін зақымданудың соңғы салдарын тіркеу маңызды». Сонымен қатар Тулешов егер полис ұстаушы мүлікке келтірілген зиянды азайтуға күш салса, мысалы, өз есебінен техника жалдап, суға тосқауыл қою үшін құм қапшықтарды сатып алса, онда компания мұндай клиенттерге тиісті шығындарды өтейтінін атап өтті.
«Номад Иншуранс» және «Еуразия» жедел жұмыс істеген. Бірінші компанияның мамандары су тасқыны басталғаннан кейін екі аптадан соң тексеруге кірісті, ал алғашқы сақтандыру төлемі 2024 жылдың 30 сәуірінде жүзеге асырылды. Екінші компанияда сақтандыру жағдайын тексеру, тіркеу сәуір айының соңында орын алды.
«Номад Иншуранс» осы жылы елдің солтүстігінде, батысында және шығысында әдеттегіден көп төлем сомаларын тіркеді.
«Биыл төлемдер әдеттегіден жоғары. Өйткені су тасқыны ауқымды болды және үлкен зиян келтірді. Осы жылы төлемдер сомасы аталған өңірлердегі мүліктік сақтандыру бойынша орташа жылдық төлемдерден 74%-ға асып түсті», – дейді Шакир Иминов.
«Соңғы су тасқыны халық арасында да, ШОБ арасында да жаппай сақтандырудың жоқтығын көрсетті. Осыған байланысты залалды реттеумен сақтандыру компаниялары емес, мемлекет, еріктілер және ірі қазақстандық бизнес айналысқан. Қазақстан сақтандырылмаған күйінде қалып отыр және бұл су тасқыны немесе жер сілкінісі сияқты апатты тәуекелдерді іске асыру жағдайындағы үлкен проблема», – деп пайымдайды «Еуразия» компаниясының баспасөз қызметі.
Сақтандыру компаниялары су тасқынынан кейін төлем алған клиенттер жыл соңында мүлікті ерікті сақтандыру шарттарын ұзартады деп үміттенеді (олардың шарттары жарамды болғандықтан, олар сақтандыру жағдайынан кейін тоқтатылған жоқ). Бірақ жалпы алғанда өткен су тасқынынан кейін мүлікті ерікті сақтандыруға қызығушылықтың артуы байқалмайды.
Сақтандыру секторының статистикасына сүйенсек, 2024 жылдың жеті айында мүлікті ерікті сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылардың көлемі 2023 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда жоғары – 2023 жылы 146,3 млрд теңге, биыл – 162,2 млрд теңге. Өткен жылы сақтандырудың осы түрі бойынша төлемдердің көлемі жеті айда (36,2 млрд теңге) 2024 жылғы жағдайға қарағанда (28,4 млрд теңге) жоғары болған. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Абай облысында орман өрті тіркелді.