Алматыда қайтыс болған екі жеткіншектің телефондарынан суицидке үгіттейтін ойындар табылмаған
Алматыда өзіне қол салып, қайтыс болған екі жетінші сынып оқушыларының телефондарынан суицидке үгіттейтін ойындар табылмаған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, полицейлер жеткіншектердің ұялы телефондарын зерттеп, жойылған хат-хабарлар мен қосымшаларды қалпына келтіріп жатыр.
«Алматыда өз-өзіне қол салған екі жасөспірімге қатысты телефондарын тексергенімізді хабарлаймыз. Суицидке үгіттейтін ойындарға қатысу фактісі анықталмаған. Қазір бұрын жойылған хат-хабарлар мен қосымшаларды қалпына келтіру үшін телефон қосымша тексеріліп жатыр», – деді ІІМ баспасөз қызметі.
Ведомство интернетті үнемі бақылап, заңсыз мазмұндағы материалдар мен ресурстарды анықтап отырғанын атап өтті. Жыл басынан бері осындай 22 мыңға жуық шетелдік интернет-ресурстарды бұғаттау туралы өтініш уәкілетті органға жіберілген.
Еске сала кетсек, 16 қыркүйек күні Алматыда екі оқушы терезеден құлап кетті. Олардың суицид жасағаны болуы мүмкін. Алматы қаласындағы екі мектеп оқушысы суицид жасаған соң, Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға арнап баланың интернеттегі қауіпсіздігіне қатысты нұсқаулық шығарған.
Министрліктің нұсқаулығымен мына сілтемеден танысуға болады.