Жамбыл облысы мен Алматы облысы аумағында тас жол салуы тиіс болған түрік компаниясы Париж сотының шешімімен Қазақстанға 6 млрд теңгені қайтарып беретін болды. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, F&A Road Construction атты түрік компаниясы Қазақстандағы Алматы-Астана автожолының «Күрті-Бурылбайтал» тас жолын қайта жаңғыртуды қолға алған.
«2021 жылғы 25 қазанда автомобиль жолдары комитеті Компанияға техниканы жұмылдыру және материалдарды дайындау үшін 5,9 млрд теңге көлемінде аванс аударған. Алайда мердігер жұмысқа кіріспеді және келісімшарт 2022 жылдың мамырында біржақты бұзылды», – делінген министрлік хабарламасында.
Париждегі Халықаралық сауда палатасының төрелік сотының шешімімен 2024 жылдың 28 тамызында тараптар өзара келісімге қол қойған. Оған сәйкес мердігер 2024 жылдың 26 қыркүйегіне дейін 5,9 млрд теңге аванстық төлемді қайтарып, сондай-ақ Әділет министрлігінің қызметтері үшін 280 000 доллар және төрелік жарнаның 85 000 доллар заңды шығындарын өтеуге міндеттенді.
Айта кетейік, осыған дейін ресейлік «Яндекс. Такси» 2024 жылы қазақстандық жүргізушілерге бонус ретінде қосымша 7-10 млрд теңге төлеуге міндеттелген.