Канадалық алтын өндіруші B2Gold еншілесі B2Gold Kazakhstan Ltd. компаниясын Астана халықаралық қаржы орталығына тіркеді. Бұл туралы АХҚО-ның ашық реестрінде жарияланды.
Ашық деректерде компания Қазақстанда алтын немесе мыстың елеулі кен орындарын табу мақсатында геологиялық барлау жүргізумен айналысады деп көрсетілген.
Айта кетейік, B2Gold Corporation – Канадада тіркелген. Малиде, Филиппинде және Намибияда алтын мен күміс өндіретін тау-кен компаниясы. Бұл ретте компания кірісінің 62%-ын Малидегі Фекола, 22%-ы Филиппиндегі Масбате, 16%-ын Намибиядағы Отжикото кенішінен алады. Бұдан бөлек Канада, Мали, Финляндия және Өзбекстанда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді. Көрші елдегі барлау жұмыстары 2018 жылы басталған, алайда өнім өндірмейді. Cоңғы кезде БАҚ-та алты жылдық барлаудан кейін компанияның Өзбекстандық өндірушіге айналу үмітін үзгені туралы жазып жүр.
Компанияның Қазақстандағы жоспары әлі белгісіз. Тек 2023 жылы Kazakhmys Barlau -мен ынтымақтасуға ниет білдірді. Одан бөлек Торонтода қазақстандық-канадалық бизнес форум барысында B2Gold өкілдері, канадалық Arras Minerals, Nutrien, Teck Resources Limited, Ion Energy сынды компаниялармен бірге қазақстандық СІМ, Kazakh Invest өкілдерімен келіссөз жүргізген. Сондай-ақ, компания өкілдері биылғы наурызда Қазақстан-Канада іскерлік кеңесінің отырысына да қатысты.
Айта кетейік, бұған дейін тағы бір алтын өндіруші Gold Stone LLP-нің Жамбыл облысында жылына 200 мың тонна алтын кенін өндіру жоспары барын хабарладық.