Жуырда ғана Кеңес Рақышев пен Шухрат Ибрагимов сатып алған «Шұбаркөл Премиум» компаниясы директорлар кеңесінің құрамы толық өзгерді. Бұл туралы Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған құжатта жазылған.
Акционерлердің жалпы жиналысында төраға Луиза Ақанованы, тәуелсіз директорлар Елдос Райжанов пен Эльдар Байболовты, сондай-ақ басқарма мүшелері Ерлан Упушев пен Ермек Баймұхановты директорлар кеңесінен шығару туралы шешім қабылданды.
«Акционерлер Бауыржан Райымбековты директорлар кеңесінің төрағасы етіп тағайындады. Тәуелсіз директор болып Нұрлан Мәжен тағайындалды, сонымен қатар Әнет Шыныбаев, Әблимит Рахматулаев және Дінмұхамед Мүсіралиев сайланды», – деп жазылған құжатта.
Ашық дереккөздегі ақпаратқа сүйенсек, Нұрлан Мәжен 2016-2018 жылдар «Жалын Көмір» ЖШС бас директоры болды. 2022 жылы Өскемендегі «Согра ЖЭО» ЖШС директоры қызметін атқарған.
2024 жылғы 17 қыркүйекте «Шұбаркөл премиум» меншік иесін ауыстырды. Қазақстан қор биржасының дерегінше, Joint Resources – 67%, Trans Coal Investment Group – 16,5%, «FCI Management» ЖШС – 16,5% акциясына иелік еткен еді. Қаржы есептері бойынша, Joint Resources компаниясының жалғыз акционері – Тимур Құлыбаев. Көмір өндіруші компанияны 2024 жылғы Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер Кеңес Рақышев (оның байлығы 435 млн доллар) пен 2023 жылы «Forbes Қазақстан» рейтингі бойынша 50 ықпалды бизнесмендер тізіміндегі Шухрат Ибрагимов сатып алды.
«Шұбаркөл Премиум» шығыны көп компания саналады. Мәселен, көмір өндіруші 2023 жылы 4 млрд теңге шығынға ұшырады.