Жаңалықтар

Әскери қызметкерлер тұрғын үйді цифрлық платформа арқылы жекешелендіре алады

Әскери қызметкерлер тұрғын үйді онлайн жекешелендіре алады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда 19 қыркүйектен бастап әскери қызметкерлерге арналған тұрғын үйді цифрлық жекешелендіру бойынша пилоттық жоба басталды. Жоба 2025 жылдың басына дейін жалғасады деп хабарлайды Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда өтініш беру мен меншік құқығын тіркеу процесі екі жылға дейін созылады. Ал электронды қызмет іске қосылғаннан кейін, бұл процесс екі айдан аспады.

«Жекешелендірудің барлық процесі цифрландырылған – әскери қызметкерлерге түрлі ведомстволардың табалдырығын тоздырып, құжат жинаудың қажеті болмайды. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тек қана цифрлық платформа арқылы, мемлекеттік мәліметтер базасы интеграциясының арқасында жүзеге асады»,– делінген хабарламада.

ASKERGE SHANYRAQ цифрлық қызметі e-Qazyna.kz платформасында орналасқан.

«Біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметтер базасымен интеграциялау процесін аяқтап жатырмыз, сондықтан электрондық келісімшарттар автоматты түрде мемлекеттік дерекқорларда тіркелетін болады немесе қағаздағы қол қойылған және мөр басылған құжаттармен тең дәрежеде ХҚКО-да қабылданады. Бұл бюрократияны азайту мен цифрландыруды ілгерілетудегі маңызды қадам», – деді Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.

Әскери қызметкерлер тұрғын үйді жекешелендіргеннен кейін, осындай қызметтер басқа да азаматтар санаты үшін іске асырылмақ.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күні жекешелендіруге кезекте тұрған 3,5 мың өтініш беруші бар. Олар Қарулы Күштерде әскери қызметте және еңбек қатынастарында тұрған азаматтар. Жекешелендіру құқығын 10 жылдан астам уақыт бойы қызметтік тұрғын үйді жалға алған азаматтар пайдалана алады. Бұл ретте өтініш беруші тұрғын үйдің қалған құнын төлеуі тиіс. Ал 20 жылдан астам уақыт бойы қызметтік тұрғын үйде тұрғандар тегін жекешелендіру құқығына ие, яғни олар мемлекеттен пәтерді тегін ала алады. Сондықтан жыл сайын жаңа сервис арқылы келіп түсетін өтініштер санын нақты айту қиын. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш жылына 420-дан 522 пәтерге дейін өзгеріп отырған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстанда әскери қызметкерлерге құмар ойын ойнауға тыйым салынған еді. Заң 19 қыркүйектен бастап күшіне енді.