Lifestyle

Футболдан Қазақстан – Словения матчына сатылатын билеттерге адамның аты-жөні жазылатын болады

Қазақстан – Словения матчына «атаулы» билеттер енгізіледі / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматыда Қазақстан – Словения матчына «атаулы» билеттер енгізіледі. Яғни билеттерге адамның аты-жөні жазылатын болады. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы хабарлады.

Федерацияның мәліметінше бұл өзгеріс Алматының орталық стадионында жанкүйерлерді стадионға өткізу жүйесін жақсарту және алып сатарларға жол бермес мақсатында жасалынып отыр.

ҚФФ Freedom Ticketon билет операторымен бірлесіп, ұлттық құраманың алдағы матчтарына «атаулы» билеттерді енгізіп отыр. Стадионға кіру үшін билетте көрсетілген аты-жөнді жеке куәлікпен растау қажет. 

«Достар! Жағымсыз жағдайға тап болмай, ақшаңызды сақтап қалу үшін абай болыңыз! Үшінші тұлғалардан билет сатып алмаңыз.

Билетті тек ҚФФ-нің ресми серіктесі Freedom-Ticketon билет операторынан сатып алуыңызды сұраймыз. УЕФА Ұлттар лигасы аясында Алматының орталық стадионында өтетін Қазақстан – Словения матчының билетері 1 қазан күні 19:00-де сатылымға шығады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ҚФФ билетті бірнеше бағытқа бөледі. Олар: коммерциялық, серіктестерге арналған және қайырымдылық билеттері. 

Еске сала кетейік, бұған дейін футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында Словениядан 0:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Енді қос құрама 13 қазан күні Алматыда кездеседі.