Жаңалықтар

Алдағы күндері Қазақстанның кей өңірлерінде қар жауып, тұман түседі – «Қазгидромет»

Солтүстік пен шығыс өңірлерде, оңтүстік шығыста жаңбыр жауып соңы қарға ұласады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстанның кейбір өңірлерінде алдағы бірнеше күнде жауын-шашын түсіп, соңы қарға ұласады. Бұл жайлы «Қазгидромет» хабарлады.

Синоптиктер болжамына сәйкес, алдағы тәуліктерде республиканың солтүстігінде және шығысында, ал 26 қыркүйекте еліміздің оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жауын-шашын болып, соңы қарға ұласады.

Түнде ауа температурасы 2-7 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде. Ал қалған аумақта ауа райы жауын-шашынсыз. Бұл өңірлерде күн ашық болғанымен, жалпы республика аумағында жел күшейеді деп күтілуде. Ал елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында және шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі.

«Ауа температурасы кей өңірлерде күндіз төмендеуі мүмкін. Республиканың батысында +18+26°С, солтүстікте, шығыста +5+10°С, орталықта +7+15°С, оңтүстікте +12+20°С, таулы аймақтарда +2+10°С құрайды», – деп хабарлайды «Қазгидромет» .

Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында түнде ауа-райы 2 градусқа дейін төмендеп үсік күтіледі.

Ал 2024 жылғы 23 қыркүйекте түнде Ақтөбе, Алматы, Атырау қалаларында ауа ластанып, қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады.