«Талдықорған – Үшарал» магистралдық газ желісінің құрылысына Ұлттық қордан 132 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл жайлы премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттардың Жетісу облысын қаржыландыруға қатысты сауалына берген жауабында айтылған.
«Ұлттық қор есебінен жалпы құны 131,7 млрд теңгені құрайтын 124 мың тұрғыны бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекенін табиғи газбен қамтитын «Талдықорған – Үшарал» магистралдық газ желісінің құрылысы басталды»,- делінген жауапта.
Одан бөлек 2024 жылы Жетісу облысының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларға бюджеттен 75 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде әлеуметтік саланы дамытуға арналған 24 жобаға 20,2 млрд теңге, инженерлік инфрақұрылым саласына қатысты 153 жобаға 45,9 млрд теңге және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 19 жобаға 8,8 млрд теңге бөлінген.
Сонымен бірге өңір әкімдігі 2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспарына сәйкес, бірталай маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы сұратқан. Оған сәйкес, 2025 жылы 90 жоба жүзеге асырылуы керек. Оған шамамен 92,1 млрд теңгегеге бюджеттік өтінім берген. Ал республикалық бюджет комиссия өңірге 50,1 млрд теңге бөлуге қолдау көрсету туралы шешім шығарған.
«Бұл қаражатқа Ақсу ауданының орталық аудандық ауруханасын сейсмикалық күшейту, Балқаш көлінің жағалауында инженерлік-коммуникациялық желі салу, облыстық маңызы бар 5 көпірді қайта жаңғырту сынды бірталай жобалар жүзеге асырылады»,- дейді Бектенов.
Еске сала кетсек, Қатарлық UCC Holding компаниясы Қазақстанда QazaqGaz ұлттық компаниясының газ құбырын салу жобаларына 11 млрд доллар инвестиция салады. Ол қаражатқа екі ірі жоба – Бейнеу – Ақтөбе – Қостанай, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырларын салу жоспарланған. Сол кезде QazaqGaz басқарма төрағасы Санжар Жаркешов 2025 жылы Талдықорган – Үшарал газ құбырын салу жұмыстары басталатынын, оған қаржыны QazaqGaz компаниясының өзі салуды жоспарлап отырғанын айтқан болатын.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші желісін салуға 2,7 трлн теңге, «Ақтөбе-Қостанай» магистральдық газ құбырын салуға 548 млрд теңге, «Сарыарқа» магистральд қаз құбырының құрылысының 2, 3, 4 кезеңдеріне – 224 млрд теңге қаражат жұмсалады.
Бұл құрылыстарды жүзеге асыру үшін дайындық жұмыстарының басталғанын вице-премьер Роман Скляр айтқан болатын.