Түркістан облысының ҰҚК қызметкерлерінің құзыретіне Нұрсұлтан Назарбаевты күзету кірмейді. Бұл жайлы «Ашақ НҚА» порталында жарияланған құжатта жазылған.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органдары туралы ережелерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2018 жылғы 7 тамыздағы №64 бұйрығына өзгеріс енгізілген. Бұйрықтан Тұңғыш президент туралы абзац алынып тасталған.
Құжатта Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті туралы ереже қамтылған. Қолданыстағы ережеде:
«Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу» деп келетін сөйлем бар.
Ал құжаттың өзгерген нұсқасынан Тұңғыш президент – Елбасы сөздері алынып тасталған. Ол сөйлем жаңа нұсқада: «Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу» деп өзгерген.
Жалпы бұл құжатта ҰҚК-нің Түркістан облыстық департаментінің міндеттері, мақсаттары, құқықтары мен функциялары белгіленген.
ҰҚК Ережесінде ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне арнаулы тексеру жүргізу, Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті негізде штаттан тыс жедел қызметкерлер ретінде тарту құқықтарын және жедел-қызметтік жұмысын психологиялық-əлеуметтанушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыру сынды нормалар қамтылған. Сонымен бірге бұл құжат ҰҚК күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысып, департаментте кадрлық құрамды патриоттық, адамгершілік және рухани тәрбиелеуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмысты жүзеге асыру сынды міндеттердің жүзеге асырылуын қамтиды.
Еске сала кетсек, Қазақстан заңнамасы мен нормативтік актілерінен Тұңғыш президент- Елбасына қатысты тұстары алынып жатыр. Мәселен, 2023 жылдың күзінде Қазақстанда мемлекет басшысына тікелей есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың наградаларына қатысты Президент Жарлығына өзгерістер енгізіліп, кейбір медальдардың атауларынан Елбасы мәртебесін алып тасталатыны айтылған болатын. Оған сәйкес «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медалі «Абыройлы қызметі үшін» деп өзгерді.
Сонымен бірге шілде айында Назарбаевпен қоса 155 ғалым Ғылым академиясының академигі мәртебесінен айырылды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 9 жаңа академик тіркеліп, бұрынғы академиктер тізімінен біршама ғалымдар шығарылған.
Ал 2023 жылдың мусымында Сенат депутаттары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев университеті» және «Назарбаев қоры» жоғары қамқоршылық кеңесі басшысы мәртебесінен айыратын заңды мақұлдаған болатын.