Жаңалықтар

Іле-Балқаш резерватына Нидерландыдан екі тұран жолбарысы жеткізілді

Тұран жолбарысы
Үкімет «Тұран» жолбарысы популяциясын қалпына келтірмекші / Фото: gov.kz

Қазақстанға Нидерландыдан Амур жолбарыстары жеткізілді. Олар Іле-Балқаш резерватында құрылған қоршау ішінде ұсталады. Кейін олардың арландары ашық табиғатқа жіберіледі. Бұл жайлы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында екі амур жолбарысы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Нидерландтағы «Stichting Leeuw» жабайы жануарларды сақтау орталығынан жеткізілген.

Ұрғашы және аталық жолбарыс Кума мен Богдан деп аталады. Екеуі «Іле-Балқаш» резерватында құрылған вольерлік орталықта ұсталады.

«Вольерде өмір сүретін алғашқы жолбарыстар Қазақстанға келіп жетті, бұл еліміз үшін тарихи оқиға. 2025 жылы Ресей Федерациясынан тағы да 3-4 жолбарыс жеткізіледі. Біздің еліміз үшін бұл экологиялық маңызды жоба ғана емес, сонымен бірге табиғи мұраны қалпына келтіру бойынша бірлескен күш-жігеріміздің символы іспетті», – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Министрліктің мәліметінше, жойылып кеткен Тұран жолбарысы популяциясының тығыздығы Амур жолбарысының тығыздығынан жоғары болған. Сарапшылар жолбарысқа жасалған аңшылық нәтижелері мен  жануарлардың кездесу жиілігіне қатысты жанама тарихи деректерді негізге ала отырып, сондай қорытындыға келген. Қазақстанда жолбарыстар тығыздығы шамамен Үндістандағы жолбарыстардың тығыздығына жақын болған. Осыны ескере келе, министрлік Балқаш өңірінде кемінде 100-ге жуық жолбарыс популяциясын құру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Жалпы 2010 жылы Санкт-Петербургте өткен бірінші халықаралық жолбарыстарды қорғау форумында барлық жолбарыс ареалы бар елдер 2012 жылға дейін жабайы табиғаттағы жолбарыстар санын екі есе көбейтуге келіскен. Ал Қазақстан үкіметі жойылып кеткен Тұран жолбарысы популяциясын қалпына келтіретінін ресми жариялады.

Жолбарыстар Қазақстанның қандай өңірлеріне жіберіледі?

Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры жобасы аясында Қазақстан, Ресей және Швейцария мамандары бірлескен экспедиция жүргізіп, нәтижесінде Тұран жолбарысын Орталық Азияда қалпына келтіру үшін ең қолайлы орын ретінде Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы, Есіл өзенінің атырабы мен оның шығыс жағалауын таңдалған.

Ал 2010-2015 жылдар аралығында Қазақстан, Ресей және басқа елдердің жетекші сарапшылары Халықаралық табиғатты қорғау одағы келісімімен Қазақстанға жолбарысты қайта әкелу бағдарламасын әзірледі. Ғалымдар зерттеу барысында барлық континенталды жолбарыстардың Panthera tigris tigris тұқымдастар түріне жатқызылатынын анықтады.

Бұл популяциялар ғылыми ортада жекелеген жолбарыс түрлері ретінде қарастырылмайды. Солайша «Тұран» популяциясын қалпына келтіруде Амур жолбарыстары таңдалған. Олар тек географиялық ерекшеліктері бойынша бөлінеді.

«Сондықтан реинтродукциядан кейін, Қазақстанға көшірілген амур популяциясының жолбарыстары, тұрақты популяцияны қалыптастырған жағдайда, автоматты түрде аумақтық белгі бойынша тұран популяциясының жолбарыстары болып саналады»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, кезінде Қазақстанда бұл жолбарыстарды жою мақсатты жүргізілген. Кейде солдаттар өңірге арнайы жіберіліп, қамыс арасында тіршілік ететін жолбарыстарды жойып отырған. Нәтижесінде, ең соңғы Тұран жолбарысы 1948 жылы ауланып, популяция толықтай жойылған еді. Ал енді 70 жыл өткен соң, ол жыртқыштар қазақ даласына қайта оралып жатыр.

«Бұл атаулы және тарихи оқиға. Орталық Азияда бұл жыртқыштар 70 жыл бұрын жойылып кетті. Ал енді олар тарихи отанына қайта оралып жатыр. Жолбарыстарды жерсіндіру олардың тарихи отанына қайта оралуын ғана емес, сонымен бірге тұрақты экожүйені қалпына келтіру үшін маңызды қадам саналады. Бұл шара адамдарға ғана емес, елдің табиғатына да үлкен пайдасын тигізеді. Бұл жоба биоалуантүрлілікті және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі” – деді WWF Еуропа және Солтүстік Африка елдері жөніндегі өңірлік директоры Аджай Барай.

Еске сала кетсек, кология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев ақпанда Самарқанда өткен «Миграция жасайтын жануарларды қорғау» конвенциясында Қазақстанға Амур жолбарыстары 2026 жыл жеткізілетінін хабарлаған болатын. Министрлік өкілі жыртқыштар Еуропадан да әкелінуі мүмкін екенін, бұл бағытта келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтқан.

Ал тамызда Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Іле-Балқаш резерватында Ресейден жеткізілетін Амур жолбарыстары үшін қоршаулар салынғанын хабарлады.