Жаңалықтар

Таяу Шығыстағы ахуал алтын бағасына ықпал етіп жатыр

Таяу Шығыстағы ахуал бағаға ықпал етіп отыр/ kursiv.media мұрағаты

Сауда мәліметтеріне қарағанда, алтын бағасы тағы да бұрын-соңды болмаған межені артқа тастап отыр. Мәселен, Нью-Йорктегі Comex биржасындағы алтын фючерсі 8,45 долларға немесе 0,32%-ға қымбаттаған. Енді алтын бағасы унциясына 2 654,7 доллар болып отыр.

Мұның алдында унциясы 2655,8 доллар болып, «рекорд» деп танылған болатын.

Десе де күмістің бағасы түсе бастапты. Унциясы 31, 442 доллар болды. Құнын 0,18%-ға жоғалтқан.

Сарапшылардың пікірінше, алтын бағасының шарықтауына екі фактор ықпал етіп отыр.

Біріншіден, АҚШ-тың Федеральды резерв жүйесі өткен аптада 2020 жылдан бері бірінші рет есептік мөлшерлемені жылдық 4,75-5%-ға дейін төмендеткен. Осыдан кейін алтын бағасы унциясына 2 650 долларға дейін шарықтап кеткен еді.

Өйткені Федеральды резерв жүйесінің есеп мөлшерлемесін азайтуы доллардың әлсіреуіне әкеліп соғады. Бұл алтынның бағасын көтере түседі. Оның үстіне Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы да фьючерсті алға сүйреген. Себебі алтын дәстүрлі түрде «активтер панасы» болып есептеледі.

Айта кететін жайт, TD Securities сарапшысы Барк Мелек алтын бағасы алдағы тоқсандарда бір унция үшін 2700 долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін айтқан.