Жаңалықтар

Израиль Ливандағы «Хезболланың» нысандарына әуеден шабуылдауды үдеткеннен кейін, әуе компаниялары рейстерді тоқтатты

Әуе компаниялары Ливан бағытындағы рейстерді тоқтатты/ Фото: kursiv.media

Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты әуе компаниялары рейстерді тоқтатуды ұйғарды. Reuters осы жөнінде ақпарат жариялады.

Lufthansa Group дүйсенбі, 23 қыркүйектен 14 қазанға дейін Тель-Авив пен Тегеранға қатынауды тоқтатты.

Air India, KLM және Ryanair сияқты тасымалдаушылар да Тель-Авивке ұшақ жіберуді доғарды. Алжирдің Air Algerie және Польшаның LOT компаниялары Ливанға ұшатын рейстерді шегерді.

Иордания өздері хабарын бергенше әуе компанияларына Бейрут бағытындағы рейстерді үзу жөнінде ескертті.

Қазіргі уақытта Ливандағы ахуал ушығып тұр. Израиль әскерилері «Хезболланың» 800 нысанын соққыға алды.

BBC-тің жазуынша, дүйсенбіде Израиль әуе күштерінің Ливандағы Хезболла нысандарына шабуылынан 180-нен астам адам қаза тапты. Тағы 700 кісі жараланды.

БҰҰ-ның Ливандағы негізгі бітімгершілік миссиясы 23 қыркүйекте елдің оңтүстік бөлігіндегі азаматтық қызметкерлер мен олардың отбасыларына «солтүстікке қауіпсіз жерге көшуге» кеңес берді.

АҚШ пен Иордания мемлекеттерінің ведомстволары өз азаматтарын Ливаннан шұғыл түрде кетуге шақырды. Екі ел де Израиль мен «Хезболла» арасындағы қақтығыстың ушығуы мүмкін екенін ескерткен.

17-18 қыркүйек күндері Ливанда «Хезболла» мүшелеріне тиесілі пейджерлер мен рация құрылғылары жарылды. Соңғы мәлімет бойынша осы жарылыстардан кемінде 37 адам қаза тапқан, 3 мың кісі жарақат алған. Бұған «Хезболла» Израильді айыптады.