Culper Research Kaspi.kz-ті Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтті деп айыптады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Kaspi Bank қызметіне баға беріп, оның табысты жұмыс істеп жатқаны жөнінде хабарлаған.
«Банк орнықты өсу мен ашықтықтың жоғары деңгейін көрсетіп отырған елдегі жүйе құраушы және тұрақты дамып келе жатқан банктердің бірі болып табылады. 2024 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша банк секторындағы активтер мөлшері, кредиттер көлемі және депозиттік базасы бойынша Банк Қазақстанның екінші банкі болып табылады», – делінген ҚНРДА сайтында.
Агенттік Kaspi Bank-тің санкция талабын сақтап отырғанын айтты. Банктің шетелдік қаржы ұйымдарымен бірге бақылау жүйесін нығайтып отыратыны жөнінде хабарлаған.
«Банк АҚШ, Еуроодақ және басқа да шет елдердің санкция режимін толық көлемде сақтайды, комплаенс-тәуекел деңгейі жоғары операцияларға қатысты KYC, тәуекел-менеджмент және ішкі бақылаудың үздік практикасын қамтамасыз ету үшін АҚШ пен Еуроодақтағы корреспондент-банктермен тұрақты негізде ынтымақтасады. Банк тәуекелдерді барынша азайту үшін ішкі стандарттарға сәйкес қажетті комплаенс-рәсімдерді тұрақты негізде жүргізеді. Оларға клиенттерді жан-жақты тексеру, транзакцияларды мониторингтеу және қызметкерлерді оқыту кіреді», – дейді құзырлы орган.
Агенттік екінші деңгейдегі банктерге қатысты клиенттерді тиісінше тексеру және олардың KYC стандарттары мен трансшекаралық операцияларды бақылау бойынша операцияларын мониторингтеу рәсімдеріне қойылатын талаптарды күшейткенін атап өтті. Сондай-ақ банктердің шетелдік клиенттерді тексеруі және санкцияларды айналып өтуге бағытталған операцияларды болдырмау үшін трансшекаралық операцияларды мониторингтеу бойынша талаптар белгіленген.
«2023 жылы Financial Action Task Force Ұсынымдарына сәйкестікке ұлттық АЖ/ТҚҚ жүйесін Өзара бағалау шеңберінде Қазақстанның АЖ/ТҚҚ жүйесінің орнықтылығы мен тиімділігі расталды», – деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
19 қыркүйекте Culper Research жобасы Kaspi.kz компаниясы Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтіп, Ресеймен ынтымақтасты, сондай-ақ NASDAQ дейін биржасының листінгіне қосылмас бұрын АҚШ заңдарын бұзды деп айыптаған. Сол сәтте NASDAQ биржасында Kaspi.kz бағалы қағаздардың құны 23%-дан астамға құлдырап, 91 доллар болды, кейіннен 94 долларға дейін өсіп, біршама нығайды.
Kaspi.kz компаниялар тобы биржада қысқа позициядағы саудада ақша табуды көздейтін Culper Research жобасының «зерттеуі» көрсеткен айыптауларды жоққа шығарды. Компания жоба жасаған зерттеудегі ақпарат қате және бизнестің мәнін бұрмалайды деп санайды.