SpaceX компаниясы 2026 жылға дейін Марсқа бес кемені ұшырмақ
SpaceX компаниясы 2026 жылға дейін Марсқа бес кемені ұшырмақ. Кемелерде экипаж болмайды. Илон Маск бұл жөнінде Х әлеуметтік желісінде жазды.
Егер бұл жоба сәтті жүзеге асса, төрт жылдан кейін Марсқа адамдарды аттандырмақ. Зымырандар діттеген жеріне жетпесе, бұл миссия тағы екі жылға шегеріледі.
Кәсіпкер қызыл ғаламшарға ұшатын SpaceX ғарыш аппаратының саны «геометриялық прогрессия» қарқынымен өсетінін болжайды.
«Ғарыш саяхатшысы болғысы келетіндердің барлығының Марсқа барғанын қалаймыз!.. Марсқа мыңдаған Starship кемелері аттанады. Бұл керемет көріністі елестете аласыз ба?», – деп жазды Илон Маск.
Маск Starship ұшатын уақытты үнемі өзгертіп отыратынын ескерген жөн. Ол 2024 жылдың басында алғашқы ұшқышсыз ғарыш кемесі бес жыл ішінде Марсқа, ал алғашқы адамдар жеті жыл ішінде баратынын мәлімдеді.
SpaceX компаниясының Starship ғарыш кемесі төртінші сынақ бойынша миссияны сәтті орындады. Алып зымыран Үнді мұхитына қонды. SpaceX-тің үшінші сынақта ұшырған жабдығы әуеде құлаған еді.
2024 жылы SpaceX компаниясының Polaris Dawn ғарыш кемесінің экипажы бес күндік тарихи миссиядан кейін жерге оралды. Экипаж құрамына Polaris Dawn миссиясының жетекшісі инвестор, миллиардер Джаред Айзекман, АҚШ әскери-әуе күштерінің отставкадағы подполковнигі Скотт Потит, SpaceX-тің ғарыш операциялары бойынша жетекші инженері Анна Менон және компанияның астронавттарды даярлау жөніндегі маманы Сара Гиллис енді.
Марсқа саяхатшыларды аттандырғысы келетін Масктің де байлығы еселеп өспек. Informa Connect Academy есебіне сәйкес, Tesla электромобилінің, SpaceX жеке зымыран компаниясының және X әлеуметтік медиа платформасының басшысы Илон Маск 2027 жылға қарай әлемдегі алғашқы триллионер бола алады. Академия миллиардердің байлығының жыл сайын орташа есеппен 110%-ға өсіп отыратынын ескеріп, осындай тұжырымға келген.