«Сол да мәселе ме? Соған бола енді еңіреп жылайсың ба?» деп, болмаса «әлемде жалғыз мықты маман сен ғана деп ойлайсың ба? Сен сияқтылар толып жатқан жоқ па?», «Болмайтын нәрсені проблема қылмашы» деген сөздерді жиі айтатындар болады. Әсіресе, бала кезде ата-анамыздан көп естуіміз мүмкін. Жиі естігеніміз сонша тіпті сол сөздерді салмағы ауыр, салдары қиын екенін байқамаймыз. Олай болса, болашаққа әсер ететін осынау құнсыздандырудың зияны қандай? Сол туралы айтайық.
Құнсыздандыру деген не?
Бұл — өзіңіздің не өзгенің уайымын түкке тұрмайды деп бағалау. Сол секілді жеткен жетістіктерін мойындамау да осыған жатады. Кейде құнсыздандыру белгілі бір қасиетке қатысты жасалуы мүмкін. Ал кейде жекелеген адамға қатысты да болады. Ендеше, адамның сізді құнсыздандырып тұрғанын көрсететін сөздерге тоқталайық:
- «Құрсын, мына адам маған не үйретер дейсің?»;
- «Сен де қатырасың. Сен бе дизайнер деген? Адамның күлкісін келтірмеші»;
- «Анау айтқандай еңбегің сіңбеген шығар. Жолың болып кетті сенің»;
Ал өзінің бағасын түсіретін адам мына ойларды жиі ойлайды:
- «Мынаны істеуге басым жетпейді. Ақылым жете қоймас»;
- «Мен мұндай нәрсеге лайық емеспін»;
- «Мен университетке грантқа түсе алмадым. Төрт жыл бойы әке-шешем төлеп оқытты. Оқуды тәмамдағаным солардың арқасы. Бұл жерде менің еңбегім жоқ».
Кейде адамдар тіпті танымайтын адамды, бір көргенді немесе танымал тұлғаларды да іске алғысыз етіп жатады. «Алып бара жатқан даусы жоқ. Қалай әнші болып жүр? Бұлай мен де айтып бере алам ғой» дегендей сыңайда айтылады. Демек құнсыздандыру деген — адамның бетпе-бет келіп тұрған дүниесін қабылдай алмағанында қосылатын қорғаныш механизмі. Өзіміздің қолымыздан келмейтін нәрсе екенін іштей біліп тұрып, сыртқа соны мойындауға батпай, қайта құнын түсіреміз.
Адам не үшін басқаларды мойындағысы келмейді?
Айтқандай, бұл — қорғаныш механизмі. Адамның бойында мазасыздық пен үрей басқан кезде іске қоылады. Яғни адамдардың ісін біз мына жағдайларда құнсыздандырамыз:
- Айтып тұрған нәрсені өзіміз істегіміз келеді, бірақ істей алмаймыз. Тіке айтудың орнына ондайда «Онсыз да істегім келмей тұр еді», «Соншалықты керім емес қой» дей салған оңай.
- Өзіміздің де, басқалардың да сезімі туралы айтудан қашқақтаймыз. Сөйтіп эмоциялық қысымды азайту үшін «Болды, айта бермеші. Бас аман болсын», «Жылағаннан пайда жоқ. Көз жасыңды көл қыла берме. Болар іс болды. Тасташы» дейміз.
- Мықтырақ болып көріну үшін басқалардың жетістігіне тиісті бағасын бермей, төмендетеміз. «Ой, ол сабақты мықты оқымайды. Анасы мұғалім сосын ғой», «Дипломың құтты болсын! Қызыл ала алмадың ба не?» дейміз.
- Негізі іштей қарым-қатынас жасағымыз-ақ келеді. Бірақ дәл сондай жауап болмай қалар деп қорқамыз. Сөйтіп «Ол маған бұрыннан ұнамайтын. Аяғы қисық, бойы түйе сияқты» дей саламыз.
Өзін құнсыздандыратын адамдар
- Қоғам тарапынан қысым көп болады. Әлдебір сұлулық не жетістік стандарттарын жасап алады да, сөйтіп «әлі жеткіліксіз» деген оймен өзін мүжи береді.
- Бала кезден келе жатқан жарақаттар мен негатив ой-ұстанымдар болуы мүмкін. Мысалы бала кезде мейірім мен махаббатқа қанбай өссе, кейін ол бала өзін жақсы көруге лайықсыз адаммын деген ой қалыптастырады. Болмаса, таяқ жеп, зорлық-зомбылық көріп өссе де солай.
- Токсик қарым-қатынас мен дискриминацияға ұшырағандарда да жиі кездеседі. Жынысы, ұлты, дене бітіміне байланысты теңсіздік көріп өскендерге қиын. Олар өзіне деген негатив қарым-қатынасты қалыпты жағдай көріп, өзін құнсыздандырады.
Құнсыздандырудан қандай қауіп бар?
Құнсыздандыру процесі өте күрделі өтеді. Өйткені ол біздің психологиялық және эмоциялық жай-күйімізге тікелей әрі тереңнен әсер етеді. Адам бойындағы өзіне сенімділік, өзін жақсы көру, мотивация, алға жылжу, мақсат қойып соған жету сынды қабілеттерден айырады. Сондықтан құнсыздандыратын әдетіңіз барын байқасаңыз, өзіңізбен жұмысты бастап кетуіңіз керек деген сөз. Ол үшін психологтар мынадай кеңестер айтады:
Ең алдымен өзіңіздің түсінуіңіз қажет. Яғни өзіңізге тереңірек қараңыз, ойларыңыз, сезімдеріңіз, уайымдарыңыз бен жетістіктеріңізді байқап отырыңыз. Қоғамда болсын, жұмыста болсын әр жетістікке өз үлесіңіз барын түсініңіз. Өзін бағалап үйренгісі келетіндер осы қадамнан бастауға тиіс. Міндетті түрде тау қопарып, ешкім істемеген жетістікке жету керек деп ойласаңыз, қателесесіз. Кофеханадан алған сусыныңыз ерекше дәмді болды ма, соның өзіне қуаныңыз. Кішкентай жеңістерді көріп бастауыңыз керек.
Болмаса, белгілі бір әдет қалыптастыруға бекіндіңіз делік. Сол сөзіңізге тұрып бір апта бойы фаст-фуд жемеген болсаңыз, өзіңізді мақтауға себеп табылды деген сөз. Асқазаныңыз ауырмайды, үйде жақсы атмосферада кешкі ас істеуден рахат алып үйреніп келе жатырсыз. Ондайда барлық жақсы тұстарын байқап, сол үшін өзіңізге алғыс айтуыңыз қажет. Спортпен шұғылданамын деп ойлап, залға жазылдыңыз ба — алғашқы қадам жасалғаны.
Осы секілді басқаларды да құнсыздандыруды қойып үйренген абзал. Ондайда да өзіңізден бастайсыз. Себебі басқаны құнсыздандыратын адамның ішін ақтаратын болсаңыз, өзінің бойында өзін құнсыздандыратынын байқауға болады. Өзі солай қалыптасып кеткендіктен, басқаша сценарий ойластыра алмайды. Алдымен өзін құнсыздандырады, сөйтіп басқаларды кемсітуге кіріседі. Сол үшін өзіңіздің маңызыңызды сезінуіңіз керек. Өзгерту қиын болуы мүмкін. Бірақ шындап кіріскен адам нәтижеге міндетті түрде жетеді.
Сізді құнсыздандырып жатса, қалай қабылдау керек?
Бізді әлдекім құнсыздандырған кезде өзіңіздің құныңызды өзіңіз жақсы біліп тұруыңыз маңызды. Өзіне сенімді адам басқаның сөзін жүрекке ауыр қабылдамайды. Себебі басқалардың ойы сізбен бірдей бола бермейтінін, сезімдері мен ойлары да әр түрлі болатынын жақсы біледі. Осы ретте психологтар ұсынған үш қызық әдісті атап өтейік.
«Жетістіктер қоржыны» әдісі
Сізді құнсыздандырған кезде жаныңыз ауыратынын байқасаңыз, онда өз жетістіктеріңіз бен құндылықтарыңызды тізіп, бір қоржынға жинаңыз. Ол папка бола ма, әлде қорап бола ма — бәрібір. Оның ішінде сіз өзіңізді не үшін мақтан тұтатыныңызды толтырып шығыңыз. Біреулерден алған алғысыңыз, мақтау қағаздары, суреттер бола ма — маңызды емес. Сөйтіп құнсыздандырумен бетпе-бет келе қалған кезде әлгі қорапты ашып, жетістіктер мен құндылықтарды бір қарап шығып, еске алыңыз. Маңызды шаруа бітіріп, қуанған кезіңізді еске түсіріңіз де, маңызыңызды қайтадан қалыпқа келтіріңіз. Сізді басқалардың сөзі қайғыртпасын!
«Бетпе-бет» әдісі
Құнсыздандырған кезде реакция жасауды үйрететін тағы бір тәсіл — бәрін қалай бар, солай бетке айту. Мәселен көрші үйдің иті сіз өтіп бара жатқанда қатты үріп, содан шошып кеттіңіз делік. Сөйтіп иті үшін кешірім сұраудың орнына көршіңіз «Қауып алған жоқ қой. Өтіп кете берсейші» деуі мүмкін. Осы әрекеті арқылы ол сіздің сезіміңізді еш ойламады. Тіпті қауып алса қалар болар еді, шынымен қауып алуы мүмкін еді деген ойға да шомбаған шығар. Бәлкім, әлгі адам бала кезде иттен таланып, қатты қорқып қалған шығар. Ондай сценарийлерді көршіңіз ойламауы мүмкін. Сондықтан осындай жағдайға тап бола қалсаңыз, сезімдеріңіз туралы ашық айтуыңыз керек. Әдетте осылай бетке айтылған кезде адамдардың қабылдауы мен ойы өзгереді. Ал егер солай ашық айтқан күннің өзінде әрмен қарай сізге негатив төгіп жатса, диалогты сол жерден үзе салыңыз. Себебі бұдан әрқарай не істейтіні — оның шаруасы.
«Тірек» әдісі
Егер әлдебір қиын жағдайларда өзіңіздің күшіңіз жетпейтінін сезсеңіз, онда сізді бағалайтын, шын жанашырлармен сөйлесіңіз. Солардан тірек табыңыз. Жақындарыңызға өтініш қылып, сізді не үшін жақсы көретінін, қай қасиетіңізді бағалайтынын, неліктен құрметтейтінін айтуын сұраңыз. Жауабын естігенде бойыңызда сенімділік арта түседі.