Қарағандының экс-әкімі Шаймерден Оразалиновтың ұлы 78 жастағы анасын аяусыз ұрғаны үшін сотталды
Қарағанды қаласын он жыл басқарған Шаймерден Оразалиновтың ұлы Әбіл Оразалинов 78 жастағы анасын аяусыз соққыға жыққаны үшін 3 жылға сотталды. Айыпталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен және сараптама қорытындысымен дәлелденді.
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты Оразалиновты жанжал кезінде 1946 жылы туған анасының денсаулығына қасақана орташа зиян келтіргені үшін кінәлі деп таныды. Экс-әкімнің ұлы үйінде жанжал шығарып, анасының басы мен денесіне қатты соққы жасаған. Салдарынан 78 жастағы кейуананың миы шайқалып, қабырғалары сынған.
«Оң көз орбитасының бүйір қабырғасы, оң жақ бет сүйек доғасы, оң жақ гаймор қуысының алдыңғы және артқы қабырғалары сынған. Сондай-ақ жәбірленушінің 3,4,5,6-шы қабырғалары да сынған. Бірінші бел омыртқасының жабық, асқынбаған компрессиялық сынуы деген диагноз қойылды”, – делінген хабарламада.
Оразалиновтың кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен және сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді. Прокурор ер адамды үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ұлынан қатты соққы алған анасы да жазаның ең жоғары түрін тағайындауды сұрады. Сотталушының адвокаттары болса, оны бас бостандығынан айыруымен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сот үкімі…
«Сот У-ға қатысты оның жеке басын, жауаптылығын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, кінәсін мойындамауын және жасаған ісіне өкінбейтінін, жақын адамына – анасына дене жарақатын келтіруін ескерді», – делінген сот мәлімдемесінде.
Сот үкімімен оған үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ кінәлі тұлғаға 1 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Әбіл Оразалиновтың әкесі Шаймерден Оразалинов 1987-1997 жылдар аралығында облыс орталығына әкім болған. Қарағанды қаласының Құрметті азаматы. Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі, екі жыл бойы Қарағанды облысы әкімі жанындағы Тәртіптік кеңестің төрағасы қызметін атқарған. Шенеунік 2019 жылы 77 жасында бақилық болған.