Әкімдіктерге қарасты өңірлік комиссиялардың мемлекеттік аудит жүргізу құзыреті 2026 жылдан бастап Смайылов басқаратын палатаға көшеді
2026 жылдан бастап Қазақстандағы өңірлік тексеру комиссиялары өз қызметін тоқтатады. Осыған дейін жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, мемлекеттік мекемелерді тексеріп келген өңірлік комиссияның орнына енді Жоғары аудиторлық палатаның аумақтық департаменттері құрылады. Аудиторлар осылайша мүдделер қақтығысына тосқауыл қоймақшы.
Жоғары аудиторлық палатаның хабарлауынша, бұл өзгеріс 2026 жылы күшіне енеді. Осылайша ревизиялық комиссияның орынын, Жоғары аудиторлық палатаның аумақтық департаменттері алмастырады.
«Бұл мүдделер қақтығысын болдырмауға мүмкіндік береді, себебі бүгінде тексеру комиссиялары жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады, ал бұл жүргізілетін аудиттердің объективтілігіне әсер етуі мүмкін»,- делінген хабарламада.
Дегенмен жергілікті өзін-өзі басқарудың маңызды рөлі сақталып қалады.
«Мемлекет басшысы мемлекеттік аудит жүйесін реформалау туралы бастамаға қолдау білдірді, бұл оның тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Реформалар топтамасын іске асыру барлық институционалдық және ұйымдастырушылық мәселелерді жан-жақты пысықтауды талапетеді», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ мемлекеттік аудитор біліктілігін алуға үміткер кандидаттарды бірыңғай емтиханнан өткізу Жоғары аудиторлық палатаның құзыретіне берілуі мүмкін. Жалпы, мемлекеттік аудит жүйесін реформалау үшін 47 тармақты қамтитын Жол картасы әзірленді.
Айта кетейік, Жоғарғы аудиторлық палата «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингін, сонымен қатар компаниялардың еншілес мекемелерін тексеруді бастады. Палатаның хабарлауынша, ҚМГ мен оның жеке еншілес компанияларының активтерді пайдалану тиімділігіне, ал Ұлттық холдингтің қарызды басқару тиімділігіне аудит өткізеді.
Сондай-ақ палата ҚТЖ және НЗМ-да аудит жүргізген еді. Бұл компаниялардан жүздеген миллион теңгеге қарыз бен заң талаптары бұзылғанын анықтаған.