Кейбір қазақстандық студенттердің шәкіртақысы екі айға кешіктірілетін болады. Оның негізгі себебі білім беру ұйымдарының есептері тексеріледі. Сондықтан кейбір оқу орындарының 1-курс студенттері шәкіртақыларын қазан айының соңында бір-ақ алады.
«2024-2025 оқу жылының 1-семестрінің 1-курсында білім алушыларға биылғы жылдың қыркүйек айының мемлекеттік стипендиясын төлеу 2008 жылғы 7 ақпандағы №116 ҚР Үкіметі қаулысымен бекітілген Қағидаларға сәйкес 30 қыркүйектегі жағдай бойынша ЖЖОКБҰ есептерін тексергеннен кейін қазан айының ішінде жүзеге асырылады»,- деп хабарлады «Қаржы орталығы» АҚ.
Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл медициналық ЖОО-ның 1-курс студенттеріне қатысты. Ал өзге мамандықта оқитындардың шәкіртақысы кестеге сай өз уақытымен төленеді. Нақтырақ айтқанда, шәкіртақы қыркүйек айының соңына дейін түседі.
Еске салсақ, тамызда Премьер-министр Олжас Бектенов 1 қыркүйектен бастап студенттердің стипендиясы 50%-ға дейін өсетінін мәлім еткен болатын. Үкімет басшысы колледж студенттеріне берілетін стипендия 50%-ға, бакалавриатқа 20%-ға, магистратура мен докторантураға 15%-ға артқанын айтқан еді. Осылайша, елдегі 445 мың студенттің стипендиясы 15-50% шегінде өсті.
Ал Қаржы министрі Мәди Такиев студенттердің шәкіртақысы келесі жылы тағы 20%-ға дейін ұлғаюы мүмкін екенін және грант саны ұлғаятынын айтқан.