АҚШ Әділет министрлігі Visa компаниясына дебеттік карталар нарығындағы монополияға қарсы заңдарды бұзғаны үшін шағым түсіруі мүмкін, деп жазды Bloomberg ақпарат көзіне сілтеме жасап. Билік өкілдері Visa эксклюзивті келісімдер жасағанын, осылайша өзінің үстемдігін сақтап, нарықтағы бәсекелестікке кедергі келтіргенін алға тартып отыр. Осы жаңалықтың аясында Visa акцияларының құны төмендеді.
Толығырақ
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Әділет министрлігі 24 қыркүйекте Visa компаниясына дебеттік карталар нарығын монополиялады деген айыппен федералды сотқа шағым түсіруді жоспарлап отыр. Реттеушінің пікірінше, Visa эксклюзивті келісімдер жасасу арқылы нарықтағы үстемдігін сақтап, бәсекелестердің дамуына және жаңа ойыншылардың нарыққа кіруіне кедергі келтірген. Дереккөз бұл туралы Bloomberg-ке мәлімдеді.
Visa мен Әділет министрлігі Bloomberg-тің сауалына түсініктеме беруден бас тартты.
Бұл нені білдіреді?
Шағым Visa компаниясының 2021 жылы Plaid технологиялық компаниясын 5,3 млрд долларға сатып алмақ болған әрекетінен кейін басталған бірнеше жылдық тергеудің шарықтау шегі болмақ, деп жазды Bloomberg. Мәміле АҚШ Әділет министрлігінің назарын аударды. Себебі ол бәсекелестікті әлсіретуі мүмкін деп есептелді. Өйткені Plaid компаниясы Visa-мен бәсекелесе алар еді. Plaid пайдаланушылардың банктік шоттарына қосылуға мүмкіндік беретін технологияларды жасап шығарады. Мұндай қосымшалардың қатарында Robinhood және Venmo бар.
Әділет министрлігі мәмілені даулап, шағым түсірген соң, Visa Plaid-ті сатып алудан бас тартты. Алайда сәтсіз мәміле Visa-ның бизнес тәжірибелеріне қатысты кең ауқымды тергеуге жол ашты, ол әлі де жалғасып жатыр, деп атап өтті Bloomberg.
Visa-ға тағы қандай шағым айтылды?
Тергеу барысында Әділет министрлігі Visa-ның сатушылардан токендер үшін қалай ақы алатынын да зерттеді. Бұл технология карта иелерінің ақпаратын қорғау үшін қолданылады, деп жазды Bloomberg. Реттеуші Visa компаниясын сатушыларға өзінің фирмалық токендерін қолданбаған жағдайда, жоғары төлемдерді талап етуі мүмкін деп айыптады. Bloomberg атап өткендей, Visa 4 миллиардтан астам токен шығарған, 13 мыңнан астам сатушы, оның ішінде Netflix және Microsoft компаниялары бұл технологияны қабылдаған.
Өткен жылы Visa-ның басты бәсекелесі Mastercard төлем желісі АҚШ-тың Федералды сауда комиссиясы бастаған токендерге қатысты іс бойынша келісімге келді. Бұл орган монополияға қарсы заңнаманың орындалуына жауапты.
Акциялардың әрекеті
Visa акциялары сейсенбі күні премаркетте 1,7%-ға төмендеді. Алдыңғы сауда сессиясының қорытындысы бойынша акциялар 1,4%-ға өсті.
Жыл басынан бері Visa акциялары шамамен 8,5%-ға қымбаттады. Қазіргі уақытта сарапшылардың басым көпшілігі оларды сатып алуға кеңес береді: FactSet деректері бойынша акциялардың 25-і – Buy, жетеуі Overweight рейтингтерін иеленген. Қалған сегізі – Hold, яғни акцияларды сақтап ұстауға кеңес береді.